«Ұлым, саған айтам» драмалық қойылымының премьерасы өтеді

2018 жылдың 1 қараша күні сағат 18.30-да Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтеді. Бұл «Ұлым, саған айтам» драмалық қойылымы театрымыздың 93-ші маусымының екінші премьерасы болмақ.

Аталған қойылымның авторы - Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан және қойылымды сахналаған, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Әузов театрының директоры Асхат Маемиров.

Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасындағы басты бағыттардың жүгін көтеріп, жалпы көрерменнің жанына рух беретін бұл шығарма – Əке мен бала арасындағы тартысқа құрылған ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын туынды. Ұлттық ұстынымыз бен салт-санамыздың заманауи сара жолын табудағы жанталас. Дəстүр сабақтастығы мен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра отырып, Қазақ елінің бір тұтастығын, ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бірлігін көксейтін туынды – өз көрерменін бей-жай қалдырмайды.

Қойылымда басты рөлдерде әкесі – Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және ұлы – Мағжан Асаубай.

Айта кетейік, осы қараша айында – «Жанқимақ» (15-қараша күні), «Зоопарк» (16-қараша күні), «Анна Каренина» (23,24,25-қараша күндері) қойылымдарының премьерасы өтеді.