"Ұлым, саған айтам..." драмалық қойылымының тұсауы кесілді

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Бұл «Ұлым, саған айтам» драмалық қойылымы 93-ші театр маусымының екінші премьерасы болды. Бұл қойылым Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасындағы басты бағыттардың жүгін көтеріп, жалпы көрерменнің жанына рух беретін - Әке мен бала арасындағы тартысқа құрылған ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын туынды болды.

Аталған қойылымның авторы  Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан және қойылымды сахналаған, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Әузов театрының директоры Асхат Маемиров. Қойылым басталар алдында театр директоры А.Маемиров сахнаға көтеріліп жаңа қойылымның ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын туынды екенін атап өтті.

- Қара  шаңырақ М. Әуезов театрының тарихында күмбірлеген  домбырадан күй төгіп, әсем әнін  нақышына келтіріп, орындайтын актерлер  бар. Жүректі шымырлатып, сол әнін  айта отырып, ішіндегі бүкіл тебіреніс, толғанысын жеткізетін өнерпаздар да қаншама?! Бүгін ортамызда жүрген қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты , Қазақстанның  халық артисі - Сәбит Оразбаев Төле бидің толғауларын, халықтың термелерін, нақыл өсиеттерін өскелең ұрпаққа жеткізді. Домбырамен айтатын әндері қандай ғажап! Бала кезінен жыр дастандар тыңдап өскен, топырағы құнарлы, өнері нұрлы жырау, сазгер! Сол ортадағы ұлылардың ізін жалғастырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, нағыз сол даланың дарабоз ұлы – Бекжан  Тұрыс.

«Ұлым, саған айтам» драмалық қойылымының ұлтқа, елге айтатын сөзі бар. Сонау ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деген екен. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін, отқа түс, күймейсің», - депті! Өткен жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» үлкен бағдарламалық мақаласы жарияланды. Сол еңбекте ұлт болып ұйысудың, тарихын, тегін ұмытпаудың өзінің генетикалық кодын сақтаудың, соның нақты құрылымын, механизмін түсіндірді. Ұлы далада мәңгілік ұлт болып қалу үшін ынтымақ пен бірліктің, бейбітшіліктің бесігін сақтауымыз керектігін Елбасымыз айтқаны баршамызға аян.

Ендеше, қойылым  ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын  туынды десек қателеспейміз!-деді театр директоры А.Маемиров.

Қойылымда басты рөлдерде әкесі – Бекжан Тұрыс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және ұлы – Мағжан Асаубай.

Қойылым барысында Бекжан Тұрыс өзінің ұлы Мағжанмен бірге сыр шертеді. Әке мен бала арасындағы тамыры тереңде жатқан отбасылық, рухани әлеуметтік құндылықтың барлығын сыр етіп жеткізді. Ұлттық ұстанымымыз бен салт-санамыздың заманауи сара жолын табудағы жанталас, дәстүр сабақтастығы мен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра отырып, қазақ елінің біртұтастығын, ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бірлігін көксеп, өз көрерменін бей-жай қалдырмады. Қойылымды тамашалауға келген Бағдагүл Қайратова есімді көрермен М.Әуезов театрының басшылығына көрермен сұранысын ескеріп, аталған қойылымды театр репертуарына енгізгеніне аналық алғысын білдірді.

- «Ұлым, саған айтам» қойылымы күнделікті өмірдегі көріп жүрген дүниені шыңның биігіне шығарып, ойдың шыңырауына батырып,   оқырманына ой салатын туынды. Тас қараңғыда «Сен қазақпысың?» - деп шам алып, көрермен арасынан қазағын іздеген, ұлтының жоғын іздеген Бекжан Тұрыс нағыз жоқшының өзі дер едім. Оған «Ұлым, саған айтам» қойылымы куә. Қойылымның авторы -  Бақыт Беделханға, қоюшы режиссері – Асхат Маемировке және Бекжан Тұрыс пен ұлы Мағжанға бас иемін. М. Әуезов театрының басшылығы көрермен сұранысын ескеріп, осы қойылымды өзінің репертуарына енгізгеніне аналық алғысымды білдіремін!, - деді Бағдагүл Қайратова.