Әлем таныған актриса Әкемтеатрында

Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына талантымен голливудтық жұлдыздарды шаң қаптырып, Канн фестивалінде «үздік актриса» атанған Самал Еслямова келіп, авторы А.Аламанның психофизикалық драма жанрындағы "Жүрегімнің иесі" қойылымын тамашалады.

Жас болса да өзін әлемге мойындатқан актрисаны Әкемтеатрының директоры Асхат Маемиров құрмет, ілтипатпен күтіп алып қойылымды тамашалауға келген көрермендерге таныстырды.

Қойылым аяқталған соң, әлемге танылған актриса өзінің қазақы қарапайымдылығы, инабаттылығымен бізге сұхбат беріп, алдымен психофизикалық драма жанрындағы "Жүрегімнің иесі" қойылым туралы ойын білдірді.

- Көптен - көп рахмет! Бұл қойылым өте сәтті шыққан туынды екен. Мәскеу қаласында тұратын болғандықтан, қазақ театрларында өте сирек боламын. Бұрын соңды мұндай спектакльді көрмеген екенмін. Актерлардың дайындығы, пластикасы, көрерменмен қарым-қатынасы, барлығы жақсы. Бұл қойылым әлемдік деңгейге сай. Сондықтан, тек қазақстандықтар ғана емес, әлем елдері көретін болсын! Мен бұл ұжымға үлкен жетістіктер тілеймін!, - деді Самал Еслямова.

71-ші Канн кинофестивалінің жүлдегері Самал Еслямова жуырда Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген қазақстандық-жапониялық бірлескен «Барымташылар» киножобасында театрымыздың әртістері Дулыға Ақмолда мен Гүлшат Тұтовамен қазақ киносына түскен. Фильмге осындай алдыңғы буын аға-апалармен бірге түсіп жұмыс істегені, үлкен мәртебе және тәжірибе екенін жеткізді.

- Бүгінгідей керемет қойылымға шақырғаны үшін, М.Әуезов театрының директоры Асхат Максимұлына үлкен рахмет! Мәскеуде, Астанада, Алматыда жүрсемде  қойылымдарға шақырып, осындай спектакльдерді қарау керек деп, кеңестерін айтып тұрады. Спектакльді көріп демалдым. Өте жақсы әсер алдым! Жалпы, Әкемтеатры ұжымына алдағы уақытта таудай табыстар тілеймін!,- деп актриса ұжым басшысы Асхат Маемировке алғысын білдірді.