Джахангир Новрузов: «Сіздің актерлер Қорқыт қойылымымен түркі әлемінің рухани тарихын, шаманизмнен исламға дейін толық аша білді!»

Түркия мемлекетінің Адана қаласында өтіп жатқан V халықаралық театр фестивалінде ғасырға жуық тарихы бар Әкемтеатр ұжымы сәтті өнер көрсетті. Бұрыннан дүниежүзін таң қалдырып келе жатқан қазақтың театры сол биіктен аласармағанын тағы бір дәлелдеді.

         Аталған фестиваль халықаралық театр фестивалі болғандықтан, қойылымнан соң пікір алмасу барысында театр өнері мен қойылым туралы тек шындықты айтып отыруы керек. Қойылымды тамашалаған сыншылар, келген қонақтар, ұйымдастырушылар театр директорлары, профессорлардың өздері Әкемтеатр ұжымының «Қорқыттың көрі» қойылымына тек жылы сөздерін ғана айтумен болды.

Адана қаласының мәдениетіне сүбелі үлес қосып жүрген, осы шараны ұйымдастырушылардың бірі Адана қаласының Чукуров атындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры, Әзірбайжанның халық әртісі Джахангир Новрузов, бізбен сұхбат барысында Қазақ елінде түркілер үшін дара туған ұл - Нұрсұлтан Назарбаев, түркі әлеміндегі жарық жұлдыз екенін сөз етіп, оны шын мәнінде түркі халықтары құрметтейтінін айта келе «Қорқыттың көрі» қойылымына тоқталды.

         - Бүгінгі «Қорқыттың көрі» қойылымы өте қызықты көріністерге толы болды. Бұл жұмыстарды жасаған режиссер, түркі әлемін қатты сезіне білетін мықты режиссер екенін көрсетті. Қорқыт - бұл бүкіл түркі халықтарына ортақ аңыз адам. Сіздің театр ұжымы Қорқыттың түркі әлемінің рухани тарихын, шаманизмнен исламға дейін толық аша білді. Бұл өте терең философиялық жұмыс!

         Сіздерде Қорқытты ойнайтын және басқа да рольдерде ойнаған өте қызықты актерлер бар! Біздің сахна сіздің театрдың сахнасымен салыстырғанда кішкентай болса да өте сәтті өнер көрсетті. Қойылымды тамашалауға келген Адана қаласының тұрғындары өте керемет қабылдады.

         Бүгін сіздің актерлер театр өнерінің екі элементтен: көрермен мен актерден құрылғанын тағы бір дәлелдеді! Сіздің актерлердің шеберліктері көрермендерді қуантты. Көрермен мен сахнадағы актерлер арасында тіл табысу болған кезде, театр өнері пайда болады. Ал бүгін нағыз театр болды. Мен сіздерді құттықтаймын!,-деді Джахангир Новрузов.

         Адана қаласының театр қызметкерлерімен әңгімелесу барысында, Түркияның театр өнері, тарихы туралы көптеген мағлұматтар  алдық.  Түркияда театр өнерінің өзіндік жүйесі қалыптасқан екен. Мұнда мемлекеттік, жеке және муниципалдық театр болып бөлінеді. Адана қаласында муниципалды театр 1961 жылдан бастап іс жүзінде де сөз жүзінде де, белсенді түрде жұмыстануда.

Айтуларынша, 5-6 жыл бұрын Аданаға мэр болып келген Хусейн Созлу өнердің барлық салаларын қайта жаңғыртып, жандандыруды қолға алған. Сонымен қатар, биыл  үлкен маштабта өзіндік үлкен қаржылай қоры бар «Алтын көз» кинофестивалі де осы халықаралық театр фестивалімен бірге Адана қаласында бесінші рет ұйымдастырылып жатыр екен.

Болашақта бұл театр фестивалі түркі мәдениетін дамытып, түбі бір түркі өркениетін бірігуіне үлкен септігін тигізетін әлемдік шаралардың бірі болмақ. Биыл Түркияның өз еліндегі қатысушыларды санамағанда 5-6 шетелдік театрлар  алғаш рет шақырылып қатысқан. Оның ішінде Қазақстан, өзіміздің М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры да бар.

Әділғазы Бақытұлы

Түркия сапары күнделігінен...