Қазақ КСР халық артисі Әнуар Молдабековтің 80- жылдығына арналған еске алу кеші өтті

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында қазақ өнерінің аңызы, театр және кино актеры, Қазақстаның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ сахнасының Қобыландысы, Керімі, Тәңірбергені, Наршасы. Әлем драматургиясының жауһарларында Петручио мен Ваня ағай. Қазақ киносының Мұсасы мен Шегесі, Еламаны мен Қожабек ақсақалы болып, тарих қойнауына өшпестей алтын әріппен жазылып кірген - Әнуар Молдабековтің 80 - жылдығына  арналған еске алу кеші өтті.

Әнуар Молдабеков ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ өнерінің биігіне жарқ етіп бірден көтерілген дара тұлға. Ол 1960-80-жылдардағы Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында саналуан спектакльдерде және де бұрынғы КСРО республикаларындағы киноөнер ордалары «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильм» т.б. киностудияларда түсірілген киношығармаларда басты рөлдерді ойнағанын театр фойесінде театр музейі қорынан «Музей» бөлімінің меңгерушісі Наргиз Тамабекқызы арнайы ұйымдастырған көрмеден көруге болады.

Еске алу шараның басы қазақ кино тарихында қайталанбас образдардың галереясын жасаған Әнуар Молдабеков туралы шағын деректі  фильммен бастау алды.

Шараны жүргізген театрымыздың белді актері Азамат Сатыбалды Кеңес одағының халық артисі  Фарида Шәріпованың  бір естелігін әңгімелеп берді. Фарида Шәріпова:«Өнер жолы сырт көзге жеңіл де әдемі көрінгенімен, өте күрделі, шыңы-құзы аралас шытырман жол ғой. Әнуардың үлкен бақыты – өзіне жар таңдай білді. Баяндай әрі әдемі, әрі төзімді жан кездеспегенде  алақұйын мінезді Әнуар хас өнер иесі деңгейіне шығар ма еді?! - деген ой келеді. Бүкіл жастығын, тіпті өнерін де Әнуардың өнер жолына сарп еткен Баяннан қазақ әйелінің қарапайым даналығын көремін», – деген екен.

Ұлы актерге ұя бола білген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы - Баян Имашева барлық көрермендер басын иіп,  алғыс білдіріп жатты.

Белгілі драматург, жазушы Асқар Сүлейменов Әнуар Молдабеков дүниеден өткенде «Сермесең-қылыш, қорғансаң-қалқан, қайран Әнуар» деген екен. Бұл сөздер Әнуар ағаның азаматтық келбетін түгел ашып тұрғандай. Сахнаға сол бір ғазиз тұлға, ұлы актер Әнуар Молдабековтың көзін көрген бір топ замандастары шықты. Қазақстаның Еңбек ері, Қазақстан және Кеңестер Одағының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақстан театрлар ассоциациясының» президенті Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев, сонымен бірге  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жүрекжарды лебізін жеткізу үшін сахнаға театрымыздың директоры, «Қазақстан театрлар ассоциациясының» вице президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PHD  докторы Асхат Максимұлы Маемиров, Қазақстаның халық артисі,  Парасат» орденінің иегері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, професор Есмұхан Обаев сахна төріне шығып өздерінің естелік әңгімелерін айтты.

Содан соң, Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған, Нұрғиса Тлендиевтің «Құстар әні» әнін Халықаралық байқаулардың лауреаты Жұмажан Жұлқаш орындап берді.

Қазақ сахнасы мен киносында өзіндік қайталанбас дара жол қалыптастырған Әнуар Молдабеков ағамыздың қаламгер достарының бірі болған көрнекті жазушы-драматург, Қазақстан Респбуликасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық пен клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты Дулат Исабековті сахна шығып өмір естеліктерімен бөлісті.

Әнуар Молдабеков шеберлігінің шыңы ретінде «Антон Чеховтың» «Сүйікті менің ағатайымындағы» Иван Войницкий бейнесі аталады. 1982 жылы театр Мәскеу қаласына гастрольдық сапармен барғанда дядя Ваня бейнесін сомдаған Әнуар аға мәскеулік сыншыларды таң-тамаша қалдырды. Олар содан соң жапа-тарғамай «бұл Воницкийді орыс сахнасы бұрын-соңды көрген емес» деп жазды. Әзірбайжан Мәмбетов өз естелігінде «Осы бейнені жасау үрдісінде асқан кәсіби шеберлігі ғана емес, зор адамгершілігі мен жанының нәзіктігі тәнті етті» дей келе  шәкірті Әнуар Молдабековті  «сөз арасындағы паузаны да керемет ойнайтын Ұлы актер» деп  бағалаған екен.

МұхтарӘуезов театрының белді актері, «Құрмет» орденінің иегері Жоламан Әміров көрнекті ақын Шахан Мусиннің сөзіне жазылған, өзінің әні «Әнуар Молдабековтың рухына арнау» әнін орындады.

Хас актер Әнуар Молдабековтың  кәсіби өнербаяны театрдан басталып, кино әлемінде асқақтады. Ұлттық киноның алыптары - Абдолла Қарсақбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Сұлтан Қожықовтардың  фильмдерінің мәнін тереңдетіп, мәртебесін арттырды. Киноэкрандарда алмастай жарқылдады. Ұлттық киномыздың ғана емес, ұлттық болмыс, рухани бет-бейнеміздің  төлқұжатындай болған «Қыз Жібек» фильмі – Төлеген, Жібек, Бекежан, Шеге, Қаршыға сынды қайталанбас образдарымен құнды. Әнуар Молдабеков «Қыз Жібек» фильмінде «шалт ақын, шап берме әзілдің шебері»  Шегенің рөлін сомдап, «отты көз, ойнақы мінез, қаршыға қимылмен» көрерменін тәнті еткен болатын.

- «Халқыңды сергітіп, еліңді серпілттің. Cахна мен экранда жалт-жалт етіп, сан кісіге қуаныш сыйладың. Сен қатысқан қойылым, сен ойнаған рөль ешкімді де бейтарап қалдырмады. От едің! Сахнада сен бейне бір кенеттен тұрған дауылдай, аяқ астынан көтерілген құйындай, күркіреп келген найзағайлы  қара бұлттай шартылдап, нақ бір төгіп-төгіп жіберетін нөсер едің!», – деп сахна сыншысы Әшірбек Сығаев өз бағасын  берген екен.

Сахнада тағыда естелік бейне фильмдерден үзінділер көрсетілді. Содан соң, Мырзатай Жолдасбековтың сөзіне жазылған «Шіркін дүние» әнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс шырқап берді.

Дара өнер иесі Әнуар Молдабеков бір атадан жалғыз болсада  бүгінде ұрпақтары орманды елге айналды.  Қазақтың ерке  ұлының артына қалдырып кетен мол мұрасын, бүгінгі елге насихаттап жүрген Әнуар Молдабековтің аяулы жары Баян Имашевамен бірге ұрпақтары немере-шөберелері ортаға шақырылып сөз берілді.

Содан соң, Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан  ықылыс гүлі табысталды.