Әкемтеатр әртістері Адананың тарихи жерлерін аралады

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Әкемтетар ұжымы Түркия мемлекетінің Адана қаласында өтіп жатқан V халықаралық театр фестиваліне қатысып «Қорқыттың көрі» қойылымын сәтті қойды.

Түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист, Сырдария бойында өмір сүрген, оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде Х ғасырдың басында дүниеге келген Қорқыт Ата жайындағы қойылымын Түркия мемлекетінің Аданалық тұрғындары өте жақсы қабылдады.

Қойылымнан кейін екінші күні шараны ұйымдастырушылар фестивальге барған Әкемтеатр ұжымына тарихы тереңде жатқан Адана қаласының әдемі жерлерін аралатып, тарихымен таныстырды.




Адана – Сейхан және Джейхан өзендерінің атырабында, шығымды жерге құрылған қала. Тарихы біздің дәуірімізге дейінгі алты мыңыншы жылдарға дейін барады. Шығымды жері және географиялық тұғыры себебімен тарих бойы түрлі ұлттардың шапқыншылығына ұшырап, оларға мекен болған. Тарихи құжаттарда Киликия деп аталған қала туралы Боғазкөйден шығарылған Хетт жазбаша табақшаларында «Адана елі» деп айтылған екен.




Әртүрлі заманда Рим, Византия және Осман империяларының құрамына енген болсада, Сейхан өзеніне 1600 жыл бұрын салынған мына тас көпір сол күйі тұр.


            


     Түркиядағы ең үлкен мешіттердің бірі - Сабанджи мешіті. 

  Бұл мешіт Адана қаласындағы Сейхан өзенінің жағалауында орналасқан. Мешіттің ерекшелігі сол, осыншалықты үлкен көлеміне қарамастан, бір жылға жетер-жетпес уақытта тұрғызылған екен. 




Мешіттің жабық алаңы 6600 шаршы метрді құраса, аспан астындағы ашық алаңы 52600 шаршы метр шамасында. 

Мешітте алты мұнара бар: оның төртеуінің биіктігі 99 метр болса, қалған екеуінің биіктігі 75 метр. 




Жалпы құлшылық орны 28500 адамға арнап салыныпты.

 

              


Адана қаласының тағы бір мақтанышы сағат мұнарасы. Осман дәуірінен қалған тұрақты Аданадағы сағаттық мұнара 1882 жылы салынған. Бірақ француздық оккупация кезінде бұл мұнара қиратылған. Оны қайтадан1935 жылы қалпына келтірген екен.


          


Бұл біз тоқтаған «Senbayrak» қонақ үйдің тұсындағы «YENI CAMII 1724» деген жазуы бар өте көне мешіт. Адана қаласындағы  тарихи ескерткіш, құнды байлықтарының бірі болып табылады. Мешіттің төбесі 10 шағын күмбезбен жабылған. Мұнарасы оңтүстік-батысында орналасқан. Бірге барған әріптестерге осындай көне мешітте Аллаға құлшылық қылу бақыты бұйырды.


  


Қала тұрғындары: «Тіктөртбұрышты қылып салынған архитектурасына және оның құрылыс материалы, тас жұмыстарына назар аударсақ – Мәмлүктердің архитектурасын айқын көруге болады! Әр кезеңдерде жөндеу жұмыстары жүріп тұрған. Бұл мешіттің тарихы 1724 жылдан да әріде жатыр!» - дейді.

Пайдаланған құрылыс материалына көз жүгіртсек, Маңғыстау өңіріндегі табиғи түрде өндірілетін ұлу қабыршағынан жасалған кірпіштеріне ұқсатасың.


  


Мысыр елінің Сұлтаны - Бейбарыс  Орта Азиядағы селжүктерді, кіші Арменияны, берберліктерді толығымен өзіне бағындырып, сауданы жолын күшейту үшін барлық өзендерге көпір және әрбір қалаға сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім көрнекті мешіттер салдырған.

Ал, біз Қыпшақ даласынан шыққан бабамыз, Бейбарыс сұлтан салғызған мешіттердің бірі болар деп ой түйдік.