Алматы мен Адана ұқсастықтары бар қалалар

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Түркия елінің Адана қаласына сапармен барып, қазақ театр өнерінің биік шыңда екенін дәлелдеп қайтты. Біз бұл сапар барысында Алатаудың баурайындағы сүйікті Алматымыз бен Жерорта теңізінің төңірегіндегі Адана қаласының көптеген ұқсастығын байқадық.

Біріншіден, екі елдің басқа өңірлеріне қарағанда Адана мен Алматы қалалары өнеркәсіптік және ауылшаруашылық инфрақұрылымы көш ілгері дамыған қалалар болып табылады. Халық санына келетін болсақ, екеуінде де екі млн.нан астам тұрғындары бар ірі мегаполис.

Екіншіден, бізді екі қалада да Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атындағы көшелердің болуы қызықтырды. Адана қаласының ірі даңғылдарының біріне Н.Ә.Назарбаевтың атын беру туралы шешім Адананың облыстық мәслихатының Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметіне өткізілген отырысы барысында қабылданған екен. Бұл туралы бесінші халықаралық театр фестивалін ұйымдастырушы театр менеджері Али Гергенмен сұхбат барысында білдік.

         - Бұл фестиваль Адана қаласында 2009 жылдан бері әр екі жыл сайын, бесінші рет өткізілуде. Ұйымдастырушылары Адана қаласының әкімшілігі және театр қызметкерлері. Биыл 19 мемлекет қатысуда. Атап айтсақ: Германия, Германия, Қазақстан, Кипр, Әзірбайжан, Гагауз және басқалары келді. Сондай-ақ, сүйікті қаламызда биыл бұдан басқа түрлі фестивальдер өткізілді. Бұның алдында 2-3 күн бойы апельсин фестивалі, кино фестиваль, музыкалық фестивальдар өтті. Саябақта өтетін фестивальдер халық үшін мүлдем тегін болады.

         Біздің қаланың тұрғындары Қазақстанды өте жақсы біледі. Өйткені, қаламыздың басты көшелерінің бірі Қазақ елінің көшбасшысы, құрметті президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталады. Ол көше халықаралық театр фестивалі өтіп жатқан қаламыздың бас театры орналасқан жерден қашық емес жерде орналасқан,- дейді Али Герген.

         Үшіншіден, бұл екі қала да әр елдің мәдени өнер ордасы екенін байқадық. Алматы қаласы еліміздің мәдени астанасы ғана емес, табиғи таланттардың шеберлігін шыңдап, рухани байлығымыздың басын тоғыстырған өнер ордасы екенін білеміз. Өнердің басқа саласын қозғамай-ақ, қазіргі М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драмма театрының қабарғасынан қазақ сахнасының айтулы шеберлері – актерлер мен режисерлердің шоқ жұлдыздары тәрбиеленіп шыққанын мақтанышпен айта аламыз. Сол Әкемтеатр ұжымы барған Адана қаласынан, барлық Түркия елінің өнер адамдарының 35-40 пайызы шыққанын, шараны ұйымдастырушы, Адана қаласының Чукуров атындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры Джахангир Новрузов айтты.

         -Адана - өте ескі қала. Егер сіз кез келген жерден 2 метр қазып қарасаңыз, онда ежелгі қаланың қабырғаларын анықтай аласыз. Осыдан 10 жыл бұрын, Адана қаласының шағынауданы Қаратажда үйлер салу жоспарланады. Содан қазба жұмыстары басталған  кезде, ежелгі амфитеатрға тап болады. Адана осындай 5000-6000 жылдан асатын тарихы бар өте үлкен қала болғанымен, тарихтан өз орнын ала алмай жатқан тұстары да бар. Әлі зерттеуді қажет етеді деген сөз! Адана қаласы тарихымен қатар, табиғаты да өте керемет жер. Ағаштың бұтағын кесіп алып, жерге тығып қойсаңыз, екі аптадан соң тамырланғанын байқайсыз. Мұнда ауа райы +12 төмендеген емес. Жылына бұл жерде үш рет өнім жинайды.

         Ал, адамдарына келетін болсақ, адамдарыда туған жерінің топырағына тартқан өнерлі болып келеді. Түркия елінің киноактерлері, театр актерлері, әстрада, дәстүрлі әншілердің 35-40 пайызы осы Аданиндіктер. Өйткені жері қасиетті. Мұнда адамдар өте талантты, өнерге жақын!,-дейді халық әртісі Джахангир Новрузов.

 

Әділғазы Бақытұлы

Түркия сапары күнделігінен...