«СЫРЛАСУ» бұрышында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асхат Маемировпен және Данагүл Темірсұлтановамен кездесу өтеді

2018 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының "СЫРЛАСУ" бұрышында сағат 17.00-де  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы Асхат Маемиров және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтановамен кездесу өтеді.

Ал, «Сырласу» бұрышындағы әдемі сұхбаттан кейін зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры көрсетілетін авторы Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» тарихи драмасы ұсынылады.

Карлаг қасіретін қазақ сахнасында алғаш рет бейнелеп отырған қойылымның – драматург Мадина Омарова болса, қоюшы режиссері  –  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Ал режиссердің ассистенті – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда. Сталиндік зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамның, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры Ахико Тецуроның тағдыр жолы арқылы сипатталған драмалық қойылым ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған еді. Себебі, бүгінгі Қазақстан – достық пен адамгершілік, биік рухтың мекені.

Мұндағы Ахико Қарлаг түрмесіне 15 жасында түсіп, жан төзгісіз азапты торда 10 жыл отырған. Ол Лагерьден өлімші халде босап шыққан ол қазақ анасының қамқорлығының арқасында тірі қалып, өмірге қайта оралады.

Елбасы Жапонияға 2016 жылдың қараша айындағы сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев жапон парламенті мүшелеріне лагерьден босағаннан кейін Қазақстанда қалған әскери тұтқын Ахико Тецуроның оқиғасын әңгімелеп берген болатын. Өз Отанына келіп кеткеннен кейін ол қазақ еліне қайта оралып, қазіргі таңда отбасымен бірге Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұрып жатыр.