Еркебұлан Дайыров пен Айзада Сатыбалдиева "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" атанды

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Муxамедиұлы театрымыздың артистері Еркебұлан Дайыровқа және Айзада Сатыбалдиеваға "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" атағын табыстады.

Еркебұлан Дайыров 1986 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Театр және кино актері бұған дейін Қазақстан Жастар одағы  «Серпер» жастар сыйлығының иегері атанған. 2004-2008 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын «Музыкалық драма актері» мамандығы бойынша оқып-бітірді. 2006 жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері болып қызмет атқарады.

Ал, Айзада Сатыбалдиева Таңатарқызы Оңтүстік Қазақстан облысы  Төле би ауданы Мәдени ауылында дүниеге келген. Ол 1994-1998 жылдар аралығында Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет  институты театр факультетінің муздрама  бөлімін оқып-бітірді. 1998 жылы жолдамамен Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы  музыкалық драма театрының актерлік құрамына қабылданады. 2007 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында  оқытушы болды. Ал, 2009 жылдың тамыз айынан М.Әуезов драма театрында актриса болып қызмет атқарады.

Бұл «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақ 1999 жылы 29 шілдеде тағайындалған. Республикаға сіңірген зор еңбегі үшін аса көрнекті мемлекет және қоғам, мәдениет пен өнер адамдарына, өндіріс пен әлеуметтік саланың дарынды ұйымдастырушыларына беріледі.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы атынан Еркебұлан Дайыров пен Айзада Сатыбалдиеваны "Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері" атануларымен құттықтаймыз!