Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Қоғамда сыбайластық жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру» тақырыбында лекция өтті.

Шараны театр директоры міндетін атқарушы Алмас Шоман қатысушыларды өткен Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, лектор – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкері Сайлау Сартайұлы Оразовты театр қызметкерлеріне таныстырумен басталды.

Сөз кезегін алған Сайлау Сартайұлы да бүгінгі тақырыпқа кіріспес бұрын, жиналған қызметкерлерді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оның қазақ елі үшін, басқа мерекелерге қарағанда қаншалықты маңызды екенін, Тәуелсіздік деклорацияға Елбасымыз 16 желтоқсан күні сағат 16:00-де  қол қойғанын және сол күнді ҚР-ның  Тәуелсіздік күні мерекесі деп жариялағанын тілге тиек етті.

- Баршаңызды кешегі өткен Ел тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын! Тарихқа шегініс жасасақ, Беловеж келісіміне жауап ретінде 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орталық Азия республикалары президенттері Қазақстаннан - Н.Назарбаев, Қырғызстаннан - А.Ақаев, Өзбекстаннан - И.Каримов, Тәжікстаннан - Т.Махкамов, Түрікменстаннан - С.Ниязов кездесу өткізген болатын. Кездесуде олар өзара одақтастық жөніндегі шартқа қол қойды және өздерінің Беловеж келісімімен толық келісетіндіктерін мәлімдеді. Бұған қоса олар Беловеж келісіміне қатысушы елдерге және басқа да бұрынғы одақтас республикаларға жаңа одақтық шарт жасасу жөнінде үндеу жолдады. Көп ұзамай 1991 ж. 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамында болған 11 республика басшылары жаңа келісімшартқа қол қойды. Сөйтіп бұрынғы КСРО аумағында жаңа одақ - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ТМД құрылған болтын, - деді Сайлау Сартайұлы.

Тарихы тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды.Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі екені айтылды. Қоғамдық ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бағыты сөз болды. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастыру жолдарын, жалпы жемқорлықпен күрес жалпы барша халықтың борышы екенін атап көрсетілді.

Лектор бүгінгі кездесудің мәнін ашып, мағынасын тереңдету үшін, театр қызметкерлерінен жалпы жұмыс барысында ғана емес, күнделікті тұрмыста кездесіп жатқан қайшылықтар, заңға қайшы әрекеттер болып жататынын айтып, ол кедергілерді жою, шешу жолдары талқыланып жауаптар қайтарылды.

Сондай жалпы қоғамдық сұрақтың бірі көліктің кейбір айыппұлдары өте жоғары екені айтылды. Тіпті театр қызметкерлерінің бір айлық жалақыларымен бірдей айыпұлдар бар. Лекцияға қатысушылар «Оның жеңілдету жолдары заңда қарастырылған ба?», – деген сауалға жауап алды. Сайлау Сартайұлы қазіргі таңда 124 мың теңгеге дейін жететін  бұл көлік айыппұлдар төмендегенін, жаңа жылдан кейін тағыда төмендейтінін жеткізді.

Шара соңында театр директоры міндетін атқарушы Алмас Шоман Сайлау Сартайұлына қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы бағытында біраз мәселенің заңды жолын қарапайым тілмен түсіндіріп пікірлескеніне, театр қызметкерлерінің заңи сауаттылығын арттырғанына ризашылығын білдіріп,  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры тарихы жазылған кітапты естелік ретінде  табыс етті.