Қазақстанның халық артистері Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді

2018 жылдың 21-желтоқсан күні сағат 18.00-де Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Өнегелі өнер иелері: Қазақстанның халық артистері Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді.

 

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Мүлік Сүртібаевтың туғанына 100 жыл

Қазақтың біртуар сахнагері М.Сүртібаев 1917 жылы Қарағанды облысы, Тельман ауданында дүниеге келді. 1936 жылы Қарағанды облыстық драма театры жанындағы студияны бітірген ол еңбек жолын Қарағанды облыстық драма театрында бастады. Осы театрдың негізін қалаушылардың бірі болған актер бұл сахнада жиырма жыл бойы өнер көрсетіп, репертуардағы басты рөлдердің барлығын дерлік орындады. Осы кезеңде актер «Шабандоз қыз» фильмінде Аңғарбай рөлінде жарқырап, қалың көпшілікке бірден танылды.

М.Сүртібаев 1956 жылы қара шаңырақ – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылды. Дүниетанымы терең, рухани ізденістер аясы кең көрнекті тұлғаның қырық жылдан аса үзіліссіз еңбек етіп, сомдаған рөлдері театр өнерінің алтын қазынасына қосылды. Бұл ретте, актердің Абай (М.Әуезов «Абай»), Әбілқайыр (Т.Ахтанов. «Ант»), Арыстан (М.Әуезов «Айман-Шолпан»), Құдайменде (Ә.Нұрпейісов. «Қан мен тер»), Байбол (Ә.Тәжібаев. «Той боларда»), Соқыр шал (М.Метерлинк. «Соқырлар»), Атай (А.Сүлейменов. «Жетінші палата»), Шұлғаубай (Р.Мұқанова. «Мәңгілік бала бейне»), тағы да басқа үлкенді-кішілі көптеген кейіпкерлерін атауға болады. Жаны жұмсақ, жүрегі кең, әр нәрсені тереңнен пайымдап, ұлттық өнердің бүгіні мен болашағы үшін тер төккен Мүлік Сүртібаевтың сахнадағы рөлдерімен қатар кинодағы («Шабандоз қыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Ботагөз», «Ұлым менің») бейнелері «өмірдің өзіндей қарапайым» табиғилығымен тәнті етті.

Ұлттық театр корифейлерімен сахнада серіктес болып, тағлымын көрген, сондай-ақ өмірде де, өнерде де серігі болған Қазақстанның халық артисі Әйкен Мұсабековамен бірге қара шаңырақтың ыстық-суығын бір кісідей көріп, саналы өмірін елінің рухани мәдениетінің өркендеуіне арнаған, ұлттық өнеріміздің ақсақалы бола білген М.Сүртібаевтың шығармашылық жолы өзінен кейінгі сан буынға әрқашан үлгі болары хақ.

М.Сүртібаевтің ұлттық өнерге сіңірген еңбегі лайықты бағасын алып, ол ҚазКСР халық әртісі және Мемлекеттік сыйлық иегері атанды. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталды.

Бүгінде Қарағанды қаласында актердің өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған.

 

         Қазақстанның  халық артисі  Әйкен Мұсабекованың

туғанына 100 жыл

         Әйкен Мұсабекқызы 1919 жылы  Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1937 жылы П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын опера әншісі мамандығы бойынша тәмамдаған ол С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында жиырма жылға жуық жемісті қызмет атқарып, аса күрделі де жауапты рөлдерді – «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Баянды, «Ер Тарғындағы» Ақжүністі, «Қобыландыдағы» Құртқаны, «Зұлымдық пен махаббаттағы» Луизаны, «Шөп қорыған иттегі» Лаураны тамаша бейнелеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ә.Мұсабекқызы 1956 жылы Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының труппасына қабылданып, республикамыздың бас сахнасында да көптеген кесек бейнелер жасады. Бұл ретте М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, «Айман-Шолпанында» Айман, Б.Майлиннің «Майданында» Зәуре, Шекспирдің «Отеллосындағы» Эмилия, Ә.Тәжібаевтың «Той болардасындағы» Үрия, тағы да басқа көптеген рөлдерін атауға болады.

Талант иесінің ұлттық театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үкімет тарапынан лайықты бағасын алып, оған 1944 жылы республиканың еңбек сіңірген артисі, ал 1985 жылы Қазақстанның  халық артисі құрметті атақтары берілді, «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.  Қазақ сахна өнерінің белгілі шеберлерінің бірі, жан жүрегі мейірімді, ақпейіл ана Ә.Мұсабекқызының жарқын бейнесі театр өнері тарихында лайықты орнын алды.

Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекова өнері мен өмірі өнегелі жарасымды жұп атанды. Сахнада Қозы - Баян, Төлеген - Жібек, Қобланды - Құртқа, Әлібек - Айман, Әскер – Гүлшара болып нұр шашып, өнер-өмір өткелдерінен жарасыммен қол ұстасып өтті. Олардың соңында өнері, әулетті жалғастырып ұрпағы қалды. Ұлттық сахна мен киноға көркем өнерлерімен үлес қосқан егіз Тұлғаның  есімі ұрпақтар  жадында жаңғырып тұрары анық.