Көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ туғанына 80 жыл

2018 жылдың 23-желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу шарасы өтеді. Сол күні сағат 17.00-де кеңейтілген баспасөз және көрермендер  конференциясы, 17.40-та «А.Сүлейменов және театр» көрмесінің ашылуы өтеді. Ал 18.30-да жазушының «Адасқақ» циклі бойынша сахналанған «Біржанның соңғы әні»  спектаклі қойылады.

Асқар Сүлейменов ұлттық рухани жаңғыруға, ойдың, өнердің түлеуіне үлкен үлес қосқан санаткер тұлға. Өз кезеңінің рухани көшбастарларының бірі болған ол қай жерде қызмет етсін мейлі, қашанда ұлттық мүддені ту етті. «Қазақфильм» киностудиясында оның сценарийімен «Адамдар мен арғымақтар», «Құлагер» фильмдері түсірілді, ол «Қыз Жібек» фильмінің редакторы ретінде көп жұмыс тындырды, М.Әуезов  театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен жылдары ұлттық классиканың жаңаша интерпретациялануына үлес қосты.

«Біржанның соңғы әні» қойылымының қысқаша сипаттамасы:

Спектакльдің бас кейіпкері  – қазақтың атақты  әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Өмірінің соңында дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кездесулер, рух түлетер қауышулар, кетісулер... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...»  пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнер адамының ұстанымы жайындағы көзқарас қақтығыстары... Құмсағаты түгесіле бастап, жаны мұрнының ұшына келген  Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді.

Ол ән-зар һәм мінәжат – «Теміртас». Қазақта теңдесі жоқ  музыкалық жоқтау. Реквием...