Қазақстанның халық артистері Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдығына арналған «Өнегелі өнер иелері» атты еске алу кеші өтті

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақ өнерінің аңыздары, театр және кино актерлері, қазақ сахнасының  Қозы мен  Баяны, Төлеген мен Жібегі, Қобланды мен Құртқасы, Әлібек мен Айманы, Әскер мен Гүлшарасы болып өнер айдынында қатар жүзген, тарих  қойнауына өшпестей алтын әріппен есімдері жазылған - Қазақстанның халық артистері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдығына арналған «Өнегелі өнер иелері» атты еске алу кеші өтті.

Шараның басы қазақ сахнасы мен кино тарихында эпикалық романтикадан бастап, эмпирикалық реализмге дейін, драмалық трагедиядан бастап, әлеуметтік сарказмге дейін қайталанбас образдардың галереясын жасаған, өнегелі жұп Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекова жайлы деректі фильммен басталды.

Алғашқы болып сөз кезегі беріліп, Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлының жүрекжарды лебізін театрымыздың  директорының міндетін атқарушы Алмас Шоман жеткізді. Және де сол бір ғазиз тұлғалардың көзін көрген өнер қайраткерлері көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың  иегері Сәбит Досанов, Қазақстаның халық артисі, Парасат» орденінің иегері, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, професор Есмұхан Обаев мырзаны  сахна төріне шығып өмір естеліктерімен бөлісті.

Заманымыздың заңғар  жазушысы Мұхтар Әуезов: «Сүртібаев – көзінің бір ғана қырымен көпті аңғартатын үлкен шебер актер»,  деп бағалады. Мүлік Сүртібев пен Айкен Мұсабекова өнер биігінің шыңына шыққан санаулы тұлғаларымыздың бірі. Драма, трагедия, комедия жанрларының бәрінде ойнап, философиялық, терең пихологиялық бейнелерді жасаған бесаспап хас шеберлері болды. Жасындай жарқыраған өнерлі жұп, тек  біздің М.Әуезов театры сахнасының ғана емес, қазақ  өнерінің серкесі бола білді.

Еске алу кешінде арнайы келіп қатысқан өнер қайраткерлеріне Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіқалықовқа, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері: «Құрмет» орденінің иегері Рахилям Машуроваға, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Айдос Бектемірге, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері Әубәкір Рахимовке, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсіловке, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеұлына сөз берілді.

- Мүлік ағамыз бен Әйкен жеңгеміз театрға таңертең жұмысқа қол ұстасып екеуі бірге келе жататын, спектакль біткеннен кейін, екеуі қол ұстасып, бірге қайтып бара жатқанын көретінбіз. Арадағы сыйластық, татулықты көрген қанша адамға ой салады. Сүйіспеншілікке жетелейтін. Бір-біріне деген қарым-қатынастары мүлдем бөлек болатын.

Мен осы сахнада Мүлік ағамен он жыл әріптес болдым. Ағаның біреуге бір айқайлап сөйлегенін көрген емеспін. Оның Саханаға, өзінің жасап жүрген жұмысына сүйіспеншілігін бағаласақ, өзінің көңілі қандай кіршіксіз таза болса, өмірге де өнерге де сондай қараған жан болатын!

Осы сахнада Абайды ширек ғасырдан астам ойнады. Абайдың басына түскен қайғы, Мағауиясынан айырылғандағы нәубеті,  Абайдың зарын сомдауы өнердің биік шыңы болатын! Қарапайым халық Абаймен бірге жылап шығатын,- деп еске алды Саят Мерекеұлы.

Хас актер Мүлік Сүртібаевтің  кәсіби өнербаяны театрдан басталып, кино әлемінде асқақтады. Мүлік Сүртібаев – ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ өнерінің биігіне жарқ етіп бірден көтерілген дара тұлға. Ұлттық киноның алыптары - Әзірбайжан Мәмбетов, Шәкен Айманов фильмдерінің мәнін тереңдетіп, мәртебесін арттырды.

Өмірлері тағылымды – тұғыры биік тұлғалар өнерінен сыр шертер Қазақстанның халық артистері Мүлік Сүртібаев пен Әйкен Мұсабекованың 100 жылдығына арналған кешке арнайы театрымыздың музей бөлімі көрме де ұйымдастырды.

Өнер айдынында қатар жүзген Мүлік Сүртібаев пен Айкен Мұсабекованың  артында қалған   ұрпақтары бүгінде орманды елге айналып, қазақ сахнасының ақтаңгерлері  артына қалдырып кеткен мол мұрасын, бүгінгі елге насихаттап жүр.

Шара соңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлының атынан  ықылыс гүлі табысталды.