Мұрат Нұрәсіловтің «Өнердегі дара жолым» атты мерейтойлық кеші өтеді

2019 жылдың 2 наурызында сағат 16.00-де белгілі  театр және кино актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Мұрат Нұрәсіловтің «Өнердегі дара жолым» атты 70 жасқа толуына арналған мерейтой кеші өтеді. Ал 15.00-де мерейтой иесіне арналған көрме ұйымдастырылады.

Белгілі театр және кино актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов 1949 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында дүниеге келген. 1967 жылы орта мектепті бітірген соң ауылда жұмыс істеп, көркемөнерпаздар қатарында өнер көрсетті. 1969-1971жж. әскери борышын өтеп оралған соң Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түседі. Колледжді 1973 жылы бітіріп, Республикалық Қуыршақ театрында және Қызылорда облыстық театрында актер болып қызмет етеді. 

М.Нұрәсілов ұлттық киноға да олжа салған өнер иесі. 1982 жылғы алғашқы фильмі «Өрнектен» (реж.А.Әлпиев) бастап «Жансебіл» (реж. А. Шәжімбаев), «Махамбет» (реж. С. Тәуекелов), «Ауылым – әнім»  (реж. С. Құрманбеков), «Байқоңыр» (реж. Ф. Хельмер), «Кемпір» (реж.Е.Тұрсынов), т.б. көптеген фильмдерге түсті.   

М.Нұрәсілов 1975 жылы ашылған Талдықорған облыстық драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі. Осы театрда өнер ұштаған ол 1976 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетіне, профессор А.Тоқпановтың курсына түседі. 1977 жылы жеке бой көтерген Алматы Театр және Көркемсурет институтын 1980 жылы бітіргеннен кейін М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданып, бұл қара шаңырақта күні бүгінге дейін, 30 жылға жуық талмай еңбек етіп келеді. М. Әуезовтің «Қилы заманында» Нүкенің, «Еңлік – Кебегінде» Кембайдың, «Абайында» Сырттанның, І. Есенберлиннің «Ғашықтарында» Шерубайдың (реж. Қ. Сүгірбеков), С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Жұмабайдың, Қ. Мырзалиевтің «Түрт, сайтаным, түртінде» Алдар көсе, Ә. Кекілбаевтің «Абылай ханында» Ойрат елшісін шеберлікпен сомдап, көптің көңілінен шығып келеді. Театрмен бірге шетелдерде өнер көрсеткен актер «Театр көктемі» фестивалінің  бірнеше мәрте жүлдегері атанды.

Актердің шығармашылық бағы жанған бір жанр – телесериал. Ол түскен 80 сериялық «Сырғалым» 2014 жылғы үздік сериал атанып, шетелдер телеэкрандарында көрсетілді. Көрермен сүйіп көретін 12 сериялық «Қария», «Әулет» сериалдарында қарапайым адамдардың тағдырын табиғи бейнелеп, телетуындылардың  мазмұнды да көркем шығуына қосқан үлесі мол  өнер иесі  М.Нұрәсілов  дубляжда да жемісті еңбек етіп келеді.  Белгілі актер, үлкен шебердің ұлттық өнерге сіңірген  еңбегі лайықты бағаланып, ол ҚР еңбек сіңірген қайраткері  құрметті атағымен, (2006), «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталды  (2001).

Қосымша ақпарат үшін байланыс телефоны: ( 8727) 394 65 45
87478497763 Бақжан Төлепбай 
8778 618 87 96 Қымбат Смағұлова
8707 910 16 46 Гүлім Рысқұл