Әуезов театрында «Ұлы даланың ұлы күні – НАУРЫЗ» мейрамы тойланды

17-наурыз күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Елбасының "Рухани жаңғыру" және "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі министрлік) қолдауымен ұйымдастырылған, министірлікке қарасты мәдени ошақтар мен спорт ордаларының «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ КҮНІ - НАУРЫЗ» атты наурыз мерекесіне арналған ауқымды, салтанатты шара өтті.

Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған салтанатты күн  театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сәбит Әбдімүтәліұлының "Хабар – 24" арнасына сағат 11.00-де тікелей эфирде сұхбат беруімен басталды. Ал вице-министр – Ақтоты Райымқұлованың  сағат 12.00-де тікелей эфирге шықты.

Бұл күні халық қыстан шығынсыз шыққанына қуанып, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Театр артистері Алас жырын айтып, қайырымды Күн-Анаға, атар таң мен батар күнге тәу етті. Театрымыздың жас актерлері Қуаныш Бейсегалиев пен Нұрғиса Қуанышбайұлы жаршы болып, мерекелік кешті басынан аяғына дейін тізгіндеді.  

Министрліктің ұйымдастыруымен қолға алынған мерекелік жиында жас жеткіншектерді ұлттық құндылықтармен жақын таныстыруға ерекше көңіл бөлінді. Театрдың алдындағы алаңда бос орын болмады. Мерекелік думанды қаладағы өнер ұжымдары «Көрісу дәстүрінен» бастады. Көрісуге келген театрлардың қатарында Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Мемлекеттік академиялық неміс театры, Мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Мемлекеттік академиялық Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры бар. Көрісуге келген театрлар көшін Киелі қара шаңырақ қарсы алды.

Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы, айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мейрам. Қазақстандық өнер жұлдыздарының арасында "Өнер барысы" атты сайысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің намысын қорғайтын қара шаңырақ театрмыздың белді актерлары – Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері – Еркебұлан Дайыров пен Серпер жастар сыйлығының иегері – Аян Өтепбергенге және Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрының актері Серпер жастар сыйлығының иегері – Асылхан Төлеповке ақ жол болсын деп қазақ өнерінің абыз ағалары Асанәлі Әшімов пен Сәбит Оразбаев құттықтап батасын берді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі А.Райымқұлова және А.Әшімов, С. Оразбаев мырзалар бастап, 12 айдың қуыршақ киімдерін киген театр артистері 800 балдырғанға сыйлықтар таратты.

А.Мұхамедиұлы бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың  атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартты. Министр «Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек» екендігін өз сұхбатында айтқан болатын.

«Ұлы даланың ұлы күні – НАУРЫЗ» атты мерекелік шарада театрымыздағы «БАҚ өкілдері мен Өнер жұлдыздары» аллеясының ашылу рәсімі өтті. Вице-министр – Ақтоты Райымқұлова, театрымыздың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі,КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері – Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі – Сәбит Оразбай және театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Сәбит Әбдіхалықов қатысып, жасыл желек отырғызды.

Концерттік қойылымдарды режиссерлік еткен театрымыздың  жас режиссер мамандары – Аридаш Оспанбаева пен Алмат Шарипов. Ал мерекелік шараны Ғалым Оспанов пен Жанел Мақажан жүргізді. 


 ГҮЛІМ РЫСҚҰЛ