Әуезов театры ұжымы кезектен тыс өтетін президент сайлауын қолдайды

Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеуіне қатысты, Президенті сайлауының кезектен тыс мерзімде өтілуі жөнінде жиналыс өткізді.

Жиналыс спикерлерінің қатарында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сәбит Әбдіхалықов, театрдың көркемдік жетекшісі,  КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық артисі, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Оразбай, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов болды.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры сөз бастап, театр ұжымы  кезектен тыс сайлауды қолдайтындығын жеткізді.

СӘБИТ ӘБДІХАЛЫҚОВ, театр директоры:
–  Қасым-Жомарт Кемелұлының президент сайлауын  мезгілінен бұрын өткізу туралы шешімін қолдаймыз. Мемлекет басшысы еліміздің тұрғындарын бірнеше күндер бойы мазалап жүрген сұрағына жауап берді. Сайлау күні 9-маусымға бекітілгенінен бәріміз хабардармыз. Біз, өнер адамы, әсіресе театр ұжымы шетте қалмай, барынша қолдау көрсетуіміз қажет.

Театр ұжымы тек қана сайлауға қатысып қана қоймай, ел назарында жүрген танымал адамдар болғаннан кейін, елге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміз керек. Елдің алдында тұрған міндеттемелерді орындау – әр азаматтың парызы. Белсенділік таныту – азаматтық позицияны айқындау.

Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізге қатысты аса маңызды үндеуін, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы шешімін  – Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру үшін, болашақ үшін жасалынған тарихи әрі жауапты, маңызды шешім ретінде қабылдаймыз.

 Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қалыбын құрып, іргетасын бекіткен Тәуелсіз Қазақстанның бүгінде төрткүл дүние алдында беделі биік, абыройы асқақ, жүзі жарқын.

Қазақстан Республикасы – Елбасының сара жолымен жүреді. Халқымыз, расында, біртұтас. Өнер саласында жүрген саңлақтар руханиятымыздың көкжиегі кеңейіп, өрісі өнегелі істермен өрге басқанын қалайды.  Сол себепті, алдағы өтетін Президент сайлауы осыған дәлел боларына үміт артамыз және  Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізу туралы шешімін қолдаймыз.

ҚР азаматы ретінде тарихи маңызы бар игі істерде өзімізідң  жауапкершілігімізді сезініп, қолдау көрсетейік.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, театрдың көркемдік жетекшісі:
–  Барлығымыз сауатты адамдармыз ғой, айтылып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды  күнде БАҚ өкілдерінен оқып, біліп жатырмыз. Сайлауға дайындалып, бірауыздан дауыс берейік. Сайлау – демократиялық болуы шартты. Мемлекеттің көш басын жақсылыққа бастайтын, ел руханиятын түсінетін, өнерді биікке көтеруге ықпал ете алатын азаматты таңдаймыз деп сенемін. Біздің театрымыздың коллективі өз пікірлерін айтып жатыр. Ертерек сайлау өткізу шешімін болашаққа бағдар жасап, саралай отыра, бірауыздан қолдаймыз.

СӘБИТ ОРАЗБАЙ, Қазақстанның Халық артисі
–  Қайырлы күн, әріптестер! Өнер қайраткерлерінің өмірінде үлкен бір тарихи жаңалық болайын деп тұр. Өйткені сайлау деген елдің елдігін танытады, халықтың тату-тәттілігін көрсетеді. Еліміздегі бейбітшілікті қорғайтын, жанын аямай еңбек ететін халық  үшін үлкен сын. Соның көшінен қалмастан, тез арада ел болып, халық болып, өнер саласындағылар көрегендігімізді көрсетіп, қолдайық. Жастарымыздың болашағына бағдар беретін Президентімізді сайлайық. Сайлау барысында көптеген менмін деген марқасқалар шығады. Оларды да көреміз.  

ЕСМҰХАН ОБАЕВ,
–  Байқаймын, барлығыңыздың көзіңізден үлкен қуаныш, үміт және сұрақ байқалады. Сол молдық, кеңдік пен үміт адамды алға жетелейді. Дүние әлемінде өз еркімен тағын берген Н.Н.Әбішұлының басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Көп дүние алдынан өтті. Ел кең қолтық өмір сүрді, демократия орнады. Осы сайлауда біз жаңылмай, қателеспей, қасында жүріп өз даусымызды берсек, дұрыс болар еді. Президент көрсеткен, ұзақ мерзімде жасаған саясаты қолдадық. Жік-жікке бөлінбейік. Бұл сайлау өз дәрежесінде  өтеді. Өнер адамдары өмір бойы тазалық пен демократияға үміт артады. Тағы да патриоттық сезіммен сайлауға түгел барайық.  

БОЛАТ ӘБДІЛМАНОВ,
–  Абыз ақсақалдарымыздың айтқандарының барлығына қосыламыз. Шындығында, Алла тағала қазақ халқына ерекше сабырлық берген. Ерекше бір қасиет берген. Әр елде, әртүрлі жағдайлар болып, түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Құдайға шүкір, біздің елде тыныштық орнаған. Бүкіл ұлттың барлығы тату-тәтті  өмір сүріп жатыр. Елдің, өнердің болашағы жарқын боларына сенеміз.


Гүлім РЫСҚҰЛ