Әуезов театрында дәстүрлі «Қара Шаңырақ – 2019» фестивалі өтті

Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен «Жастар жылы» аясында, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен,   М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сәуір айының 17-20 аралығында дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі жаңа  «ҚАРА ШАҢЫРАҚ – 2019» атауымен өтті.

«QARA ShAŃYRAQ – 2019» фестивалі аясында, 4 күн қатарынан, театр ұжымы көрермендерге  А.Чеховтың   «Сүйікті менің ағатайым», Ш. Айтматовтың  «Ғасырдан да ұзақ күн», Л.Толстойдың «Анна Каренина», Б.Беделханның «Ұлым, саған айтам...»  атты 2018 жылғы жаңа қойылымдарын ұсынды. 
Фестиваль бағдарламасы негізінен театрдың жаңа қойылымдарын  көрсету және ол қойылымдарды қазылар алқасы мен фестивальге қатысушылардың талдауынан тұрды.

Театрдағы көркемдік кеңестің шешімімен қазылар алқасы құрамына төмендегі мәдениет жанашырлары таңдалды:
  1. Қазылар алқасының төрағасы – театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері – Асанәлі Әшімов;
  2. Кинорежиссер, жазушы, ұстаз, Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері, «Қыз жылаған», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» т.б. көркем фильмдердің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері – Сатыбалды Нарымбетов;
  3. Т.Жүргенов атын ҚазҰӨА-ның «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Дариға Тұранқұлова;
  4. Театртанушы, драматург, өнерту ғылымдарының кандидаты, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі – Еркін Жуасбек;
  5. Белгілі журналист, «КазПетроДрилинг» компаниясының вице-президенті, «Мазмұндама» баспа үйінің төрағасы – Шыңғыс Мұқан. 
Жоғары руханиятты орнықтыруға ұмтылуды, сахна өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттыру мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды  жаңғырта  түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеуді көздейтін фестиваль аясында Қазақстанның халық артистері – Елубай Өмірзақовтың туғанына 120 жыл, Қапан Бадыровтың туғанына 115 жыл, Кеңес одағының халық артисі Шәкен Аймановтың туғанына 105 жыл, ҚР еңбек сіңірген артистері Таңат Жайлыбековтың туғанына 90 жыл және Уайс Сұлтанғазиннің туғанына 70 жылдық мерейтойларына арналып, тұлғалардың шығармашылық ғұмырынамасына арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілікке көрсетілді. Кешті – театрымыздың талантты жас артистері – Ғалым Оспанов пен Ажарлым Бақытжанова жүргізді. 

«Қара шаңырақ – 2019» фестивалінің қорытындысы бойынша, көптеген театр жанашырлары мен артистер арнайы жүлделермен марапатталды. 
  1. «Қара шаңырақ – 2019» фестивалінің және театрдың бір жылдық жұмысын насихаттағаны үшін төмендегі  бұқаралық ақпарат қызметкерлері театр әкімшілігінің арнайы «ТЕАТР ЖӘНЕ АҚПАРАТ» жүлдесімен  «ҚАЗАҚСТАН» Ұлттық телеарнасының Жаңалықтар бөлімінің бас редакторы – Алмат Әбдраман; «ҚАЗАҚСТАН» Ұлттық телеарнасының "Таңшолпан" ақпараттық-сазды бағдарламасының журналисі – Жазира Елшібаева; "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі – Айгүл Аханбайқызы; "Астана" телеарнасы, Жаңалықтар бөлімінің редактор-журналисі – Ришат Асқарбекұлы; "Қазақ әдебиеті" газеті, бас редакторының  орынбасары – Қанағат Әбілқайыр.
  2. Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Сахналық ғұмыр» номинациясымен  театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері – Асанәлі Әшімов; ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Сәбит Оразбаев; Қазақстанның халық артисі, «Парасат» орденінің иегері – Нүкетай Мышбаева; Қазақстанның халық артисі – Шайза Ахметова; Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Шәмшәгүл Меңдиярова.
  3. Жасындай жарқ етіп жас ғұмырлары ерте үзілген талантты артистер Шалқар Үркімбаев атындағы арнайы сыйлықпен Елжан Тұрыс,  Наз Жекенова атындағы арнайы сыйлықпен Ажарлым Бақытжанова;
  4. «ҮМІТ» номинациясымен «Анна Каренина» спектаклінде Алексей Вронскийдің образын шебер сомдаған Нұрғиса Қуанышбайұлы;
  5. «КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ» номинациясымен «Анна Каренина» спектакліндегі Долли Облонская образын шебер сомдағаны үшін, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты – Баян Қажнабиева; «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклінде Үкібала образын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шынар Асқарова; «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклінде Найман Ана образын сомдаған  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері –  Данагүл Темірсұлтанова;
  6. «ҮЗДІК ЭПИЗОД» номинациясымен Ермек Бектасов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Рахилям Машурова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Ғайникамал Байқошқарова;
  7. «Қапан Бадыров» атындағы жүлдесімен «Сүйікті менің ағатайым» қойылымдағы Марина  ролі үшін Ғазиза Әбдінәбиева;
  8. Қостанай қалалық театрының директоры Кемелбаев Сабыралы Байғазыұлы мен театрдың көркемдік жетекшісі Баймахан Əлия Əбілəкімқызы «Елубай Өмірзақов»  атындағы жүлдені Торғай жерінен келіп, арнайы табыстады. Жүлденің иегері – «Сүйікті менің ағатайым» қойылымындағы Серебряков Александр Владимирович ролі үшін Төлеубек Аралбай. Әуезов театры ұжымы фестивальге қолдау көрсеткен Қостанай облысының мəдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мырзаға алғысын білдірді.
  9. «Таңат Жайлыбеков» атындағы жүлдемен «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымындағы  Едіге  ролі үшін Дулыға Ақмолда;
  10. «Уайс Сұлтанғазин» атындағы жүлде «Сүйікті менің ағатайым» қойылымдағы Софья Алексанровна  ролі үшін Салтанат Бақаева;
  11. «Шәкен Айманов» атындағы жүлде «Сүйікті менің ағатайым» қойылымдағы Войницкий Иван Петрович ролі үшін Азамат Сатыбалды;
  12. «Екінші пландағы әйел адам бейнесі» жүлдесімен «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымындағы  Зарипа  рөлі үшін талантты театр және киноактрисасы Зарина Карменова;
  13. «Екінші пландағы ер адам бейнесі» жүлдесімен «Анна Каренина» қойылымындағы  Алексей Каренин рөлі үшін БАУЫРЖАН ҚАПТАҒАЙ;
  14. «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесімен «Анна Каренина» қойылымындағы Анна Каренина ролі үшін Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығы мен Мемлекеттік «Дарын»  жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері – Назгүл Қарабалина;
  15. Бақыт Беделханның «Ұлым, саған айтам...» қойылымындағы Әке  ролі үшін «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері –   Бекжан Тұрыс марапатталды!
  16. Ал «Үздік режиссура» жүлдесі «Сүйікті менің ағатайым» және "Ұлым, саған айтам..." қойылымдарының режиссері  Асхат Маемировқа табысталды. 
Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Сәбит Әбдіхалықов өзінің атынан «Анна Каренина» қойылымында Анна Каренинаның ұлы болып ойнайтын, Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА коледжінің 1-курс студенті Данияр Ізмухановты арнайы марапаттап, 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. 

«Қара шаңырақ – 2019» фестивалі аясында театрымызға Қарасай ауданы, «Жамбыл» және «Алтын ауыл» мектептерінің оқушылары мен ұстаздары арнайы "Сырласу" бұрышындағы кездесуге келді.  «Ұлым, саған айтам...» қойылымының алдында ұйымдастырылған "СЫРЛАСУ" кейіпкерлері:  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бекжан Тұрыспен және әнші, актер Мейрамбек Тағанов. Сырласуға келген бүлдіршіндердің тосын да қызық, өткір де таза сұрақтарына жауап берген артистер, мектеп ұстаздары мен оқушыларына жылы тілегін білдірсе, Қарасай ауданынан келген көрермен театр ұжымына алғысын жаудырып, бар ықыласын арнады.

Биылғы фестиваль жылдағыдан өзгешелігі мен ерекшелігі көп болды. БАҚ өкілдері де, келген көрермен де, ұйымдастыруға атсалысқан театр қызметкерлері де ризашылықтарын білдірді.