«Сүйікті менің ағатайым» – үлкен формадағы үздік спектакль

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 22-29 сәуір аралығында Дағыстан Республикасының астанасы Махачкала қаласында өткен «Каспий жағалауындағы мемлекеттерінің ұлттық театрлары» арасындағы фестиваліне «Сүйікті менің ағатайым» спектаклімен қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Ресейдегі театр жылын өткізу аясында жүзеге асырылған шараның ұйымдастырушылары Дағыстанның Театр Қайраткерлері одағы (СТД) театр сыншысы, өнертану кандидаты, Әлеуметтік-мәдени сараптама орталығының аға сарапшысы Елена Покорская, Ресейдің Кіші театрының көркемдік жетекшісінің орынбасары, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Валерий Подгородинский, театр сыншысы Гулизар Султанова және Дағыстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, мәдениет факультетінің актерлік шеберлік кафедрасының меңгерушісі Изумруд Алиева. Фестивальдің соңғы күні өткен байқаулардың қорытындысын шығарып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Фестиваль Дағыстан Республикасында алғаш рет өтті. Оған 18 Ұлттық театр қатысты. Олар Қазақстан, Әзірбайжан, Татарстан, Солтүстік Осетия, Кабардино-Балкария, Қарашай-Черкессия, Ингушетия, Қалмақия, Шешенстан, Дағыстан ұжымдары.

Қазылар алқасының мүшелері біреуді бөліп, үздік және нашар спектакльдер туралы айтқан жоқ, алайда Ноғай мемлекеттік драма театрының «Лавина» қойылымы және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акдемиялық драма театрының «Сүйікті менің ағатайым» («Дядя Ваня»)  спектаклі туралы оң пікірлер айтылды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен РФ, Дағыстан Республикасының мәдениет Министрлігі, театр қайраткерлерінің Одағы және М. Горький атындағы Мемлекеттік республикалық орыс драма театры ұйымдастырған «Каспий жағалауындағы мемлекеттерінің ұлттық театрлар» арасындағы фестиваліне қатысқан  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі (режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) бірнеше номинация бойынша үздік деп танылды. 18 ұлттық театрлар қатысқан фестивальде «Үлкен формадағы үздік спектакль» атауымен бас жүлдеге «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі лайықты деп танылса, «Үздік әйел адам бейнесі» – Жанель Мақажан және «Үздік сценаграфия» аталымы бойынша – Тамара  Охикян (Грузия) жеңімпаз атанды.