Әуезов театрының «Қорқыттың көрі» қойылымы мажар халқы назарында

М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сәуір айының жиырма тоғызы мен мамыр айының үші аралығында Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткізілген  "Имре Мадач атындағы VI - Халықаралық театрлар жүздесуі» фестиваліне «Қорқыттың көрі» спектаклімен қатысып, жүлделі болып қайтты. 

Халықаралық тетрлардың шоғырын жасап, үлкен шығармашылық кездесуді ұйымдастырып, әлем театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасып, шығармашылық тандемде болуына ықпал жасаған фестиваль ұйымдастырушысы - Мажар Ұлттық Театры. 

Бұл Халықаралық театр шығармашығылының достығы қалануына зор ықпал жасаған Имре Мадачтың бастамасы болатын. Фестивальге әлемнің он екі елі қатысты. Оның ішінде Германия, Франция, Португалия және Ресей сынды үлкен мемлекеттердің театрлары да бар.

Қазақстан труппасының келуі венгриялық көрерменді ерекше тағатсыздана күттірді. Спектакль билеттері санаулы күн ішінде сатылып кетті. Отандық ұжым әйгілі қазақ драматургы Иран Ғайып пьесасы бойынша "Қорқыттың көрі" спектаклін ұсынды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының, Литва Ұлттық сыйлығының лауреаты, профессор, режиссер Йонас Вайткустың қойылымындағы бір жарым сағаттық іс-қимыл көрермендерді мифологизмге толы әлемге сапар шектірді. Будапешт ұлттық театрының директоры Атилла Виднянский: «Бізге сіздер сияқты өз тамырымен, дәстүрлерімен айналысатын, оны зерттеп, сахналайтын театрлар қызық. Біз бір - бірімізді өте аз білеміз. Ал сіздер өзіміздің төл тарихымызды қалай бағалау керектігінің жарқын үлгісін көрсете білдіңіздер.» - деген пікір қалдырды.

"Қорқыттың көрі" қойылымы Будапешт қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын бейжай қалдырмады. Себебі,  Мажар халқы "Қорқыт" тақырыбында ізденіп, әлі күнге дейін көптеген зерттеулер жүргізіп келеді. Біздің тарихымыз əлем ғалымдарының назарында екендігімен  қоса,  қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің тағы да бір жетістігі - «Қорқыттың көрі» қойылымының әлем сахнасында сахналануы болды.