Көрермен Әуезов театры туралы не дейді?

30 мамыр – 15 маусым аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының INSTAGRAMM әлеуметтік желісінде, 93-маусымының аяқталуына орай көрермендермен тығыз байланыс орнату мақсатында «ОЙЫМДЫ ӨЗГЕРТКЕН ҚОЙЫЛЫМ» тақырыбында байқау жарияланды. Қойылымдар туралы және театрға деген ыстық ықыласы мен ерекше ілтипаттарын білдірген 10 адам «Мөлдір махаббат» қойылымына  арнайы 2 кісілік шақыру билеттеріне ие болды.

Сіздердің назарларыңызға оқырмандарымыздың ұтымды әрі ұшқыр деп танылған ойларымен бөліспекпіз:

@MERUERTBOLEK: Әуезов театрының киелі сахнасынан өмірдің шындығын, қоғамның қыжылын, адамдардың бір-біріне деген қатыгездігін  көріп, «неге солай?»  деген сұрақтан теңселіп қалатыным бар. Амал не, біраз аялдамадан соң ойыңның даңғыл жолы сүрлене отырып, тапталған соқпаққа жалғасады да...қалыпты тіршілік қамытын мойныңа іліп кете барады. Қателеспесем «Ақтастағы Ахиконы» көргеніме жарты жылдан асты. Бірақ, кеше ғана көргендей оқиғалары көз алдымда. Жалпы мен @dulygaakmolda ойнайтын қойылымдардан лаж болса қалмауға тырысамын. Театрды, өнерді, сахнаны сол кісідей сүйетін жан кемде кем шығар. Театрдың киесін, рухын сол кісі арқылы сезінемін. Шымылдық түрілген сәттегі түрменің ішкі көрінісі тура алдыңа келгенде денең дір ете қалады. Жазаланушылардың адам жегіш @azamatc əрекетіне, қысымына деген дəрменсіздігі қаныңды қарайтады. Əлсіздерге деген əлімжеттігін көріп ұшып тұрып Азамат Сатыбалдының кейіпкерінің басынан қойып қалғың келеді.

Ахико 15 жасында тағдырдың соққысымен түрмеге түсіп қалып, Карлагта 10 жылын азаппен өткізеді. Тіпті сол жерде алаш арыстарының бейнесі де сомдалады. А.Байтұрсынов қанмен жазылған өлеңдерін тығып, қорғап алып қалатыны, кейіннен Ахиконың көмегімен анасына жететіні еріксіз көзіңе жас алдырады.  «Жазықсыз жапа шегіп қор болған қайран арыстар-ай» -деп ішің ашып, кеудеңді бір бос кеңістік жайлап алады. ...Ахиконың қазақ əйелінің қамқорлығының арқасында аман қалғаны, сол үшін де қазақ жерін туған жеріне айырбастамағаны өз ұлтыңа, Отаныңа деген махаббатыңды еселей түседі екен. Қойылымның мақсаты да осы емес пе! 


@LYAZKA.Y: Лев Толстойдың шығармашылығы менің жаныма өте жақын. Соның ішінде Анна Каренинаның оқиғасы мен үшін әрқашан ерекше болатын. Театрға барар алдында жүрегім күмәндарға толы болды, алайда олар қойылымның алғашқы сәттерінен-ақ ғайып болды. Аннаның әйгілі, ұмытылмас қызыл көйлегі, ғажайып декорациялар, Вронский рөліндегі Н. Куанышбайұлының тамаша ойыны мені таң қалдырды. Бұрыннан таныс шығармаға енді жаңа көзқараспен қарадым.

Осы қойылым менің өмірге, отбасыға, маxаббатқа деген көзқарасымды түпкілікті өзгертті. Алғашқыда мен Аннаны тек өзінің қамын ойлайтын, жеңілтек әйел ретінде қарастырдым, бірақ Н. Қарабалина оны маған ана, маxаббатқа құштар жан кейіпінде танытты. 

Сіздердің қойылымдарыңыз маған некенің адам өміріндегі маңызын көрсетті. Қойылым арқылы жар таңдау - әр тұлғаның өміріндегі ең маңызды таңдаулардың бірі екенін түсіндім. 

Бұрындары мен Анна мен Алексей Вронскийдің арасындағы қарым-қатынасты айыптайтынмын. Осы оқиғаны көз алдымда, саxна төрінде көргенде, бұл сезімнің шынайы екенін ұғындым.  Сөзсіз, осы қойылым менің жүрегімде мәңгі калады.  


@TOOP_TIIP: Мен қуанышта да,қайғыда да театрға жүгіретін адаммын...Сөйтіп жүріп қалай 40 спектакль көріп тастағанымды байқамай қалыппын. Сол 40 спектакльдің ішіндегі ойымды өзгерткен бір жақұттай спектакль бар. Володиннің "Қоштасқым келмейді" қойылымы.

Енді ғана отау құрған жас отбасынан басталып, 30 жыл отасқан отбасы отауының ортаға түскенін көрсететін қойылым... Сол сансыз кейіпкер арасынан өзіңнің отбасыңды көресің. Ешкімге айтпаған ішкі саясатыңды бүкпесіз бейнелейді. Бала маxаббат жетегінде жүргенде сол бір кіршіксіз сезімді әлі таппай жүргенімнің себебін көргендеймін... 

Қойылымнан көкейіме түйгенім, қандай өркөкірек болсаң да, сезім деген құдіретті күш алдында сен ешкім емессің. Ойымның астаң -кестеңін шығарған қойылым. Маxаббат,сезім деген түсініксіз дүниенің анықтамасын берген спектакль. 


@AKKONTTAII: «Театр – бос ермек, орынсыз күлкінің орны емес. Ол ақыл мен сезімге нәр беретін орын», – деп Мұхтар Әуезов

атамыз текке айтпаған тәрізді. Театрға әр барған сайын ерекше күйге бөленіп, шабыт аламын. Театрдан алған мендегі ақыл мен сезім осы сөзбен ұштасып тұр.  Мендегі сезімді нәрлендірген ерекше қойылымның бірі және бірегейі  – «Ұлым саған айтам...».

«Қазағым, құндылығым»  деп шырылдап, мың қазақтан нағыз қазақты іздеген әке. Болашақ пен бүгіннің тартысы. Әкенің көз жасын, жүрегінің мұңын көріп,сезініп, жылап та алдым. Ұлының ісін көріп, қойылымның астары қазақы қоғамның дерті екенін түсіндім. Біздің заманымызда, ойы толып, жетілген, бірақ, әке мен ананың қадірін түсіне алмай жүргендері қаншама?! Қазынасын бағаламаған ақылдыдан не пайда?! Бұл жандар қоғам дертін айықпас кеселге айналдырмасына кім кепіл?! 

Қойылым соңы. Ұлы Мағжанның әкесіне деген құрметі,сыйы,аты, ер тұрманы ерекше қуантты. Өз әкеме сыйлағандай сезімде болдым. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қойылымнан соң әкеме қоңырау соқтым. Біз үшін аянбай төккен тері үшін, қамқорлығы үшін, барлығы үшін рахметімді айттым және өмір бойы әкем мен анама алғысымды айтып өтемін. Осындай керемет дүние үшін Бақыт Беделхан ағаға үлкен рахмет. Бекжан ағаның шеберлігіне  де тәнті болдым. 

Алғысым шексіз!


Қымбатты театр сайтының оқырмандары! Назарларыңызға 4 жазбаны  ғана ұсынып отырмыз. Театрымыздың репертуарында 50-ден астам қойылым бар. Егер де Сіздің де ойыңызды өзгерткен қойылым болса, инстаграм және фейсбук желісінде өз пікірлеріңіз бен жазбаларыңызда қалдырыңыздар. Жақсы жазылған  жазбаға М.Әуезов театрының сайтында міндетті түрде жарияланады. 


Материалды  дайындағандар:
Ажар Төкен
Арай Едилбаева