Әуезов театры ұжымы бір күндік еңбекақыларын Арыс тұрғындарына көмекке аударады

Арыста болған төтенше жағдай бүкіл елге ауыр тиді. Ел тұтқасын ұстаған азаматтар да, қарапайым халық та, ешкім бей-жай қарап отыра алмады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созатын сәт келгенде, халық ауызбіршілік танытып, қолдан келген көмектерін көрсететіндіктерін айтып, іске көшті. 

«Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді», – делінген БАҚ беттерінде.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы да өз тарапынан бір күндік еңбекақыларын Арыс тұрғындарына көмекке аударады. Себебі, қиын жағдайда қалған Арыс тұрғындарына көмек көрсету – біздің азаматтық парызымыз! 

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, театр директоры:

«Өмірдің әрбір сәті біз үшін – сабақ,  күтпеген жақтан келген апаты –  ескерту. Қауіп қасыңнан төнсе, барлық майда-шүйде уайым басыңнан шығып кетеді екен. Арыста болған төтенше жағдай баршамызға ауыр тиді.  Әуезов театрының ұжымы бір күндік еңбекақыны Арыс тұрғындарына көмекке аударамыз.

Алладан жақсы күндеріміздің жалғасқанын тілейміз!

Арыстың қаласы қайтадан xалыққа, әр үйі жарыққа толсын! Біз Арыс халқымен біргеміз»!

Еске сала кетейік, 24 маусым күні сағат 9.20-да Түркістан облысы, Арыс қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасы өртеніп, жойқын жарылыс болды.  Апат салдарынан зардап шеккендер және мерт болғандар да бар.   

Жалпы 45 өрт сөндірілді. Оның 21-і тұрғын үй өрті, 9 қора-қопсы өрті. Сонымен қатар  оқ-дәрі ұшуынан тұтанған  19 дала өрті сөндірілген. 


Гүлім РЫСҚҰЛ