«Қаламгер» спектаклі алматылық көрерменге ұсынылады

2019 жылдың 4 қарашасында сағат 17.00-де М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында Қостанай облыстық І. Омаров атындағы қазақ драма театры «Қаламгер» спектаклінің премьерасын ұсынады. Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтары қойылымның алғашқы көрермені болмақ. Келем деушілерге есік ашық!


Қойылым туралы: Жазушы жазықсыз жалаға ілінді. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалыптастырып, тұңғыш фильмінің сценарийін жазған Бейімбет Майлин бір-ақ сәтте «халық жауына» айналды. Ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған дүниелері басына таяқ боп тиді. Шаңырағы қаңырап, әйел-баласы аңырап, бақытты отбасының тоз-тозы шықты. Қыспақтан құтылудың жалғыз ғана жолы бар. Ол «күнәсін» мойындап, өзі ардақ тұтқан тұлғаға нақақ күйе жағу... Бірақ, бұған жазушының ары жібермеді. Ақыры, ату жазасына кесілді. Қамауда қорлық көріп, озбыр билікпен арпалысқан Би-ағаның бұлқынысы – «Қаламгер» спектаклінің негізгі өзегі.

"Маркетинг және қоғаммен байланыс " бөлімі