ҚР МСМ қарасты бірнеше мекемелердің баспасөз хатшылары «Қоштасқым келмейді» спектаклін көруге келді

«Қоштасқым келмейді» драмалық қойылымын ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты бірнеше мекемелердің  баспасөз хатшылары тамашалады. ⠀

Әріптестікті қолдау мақсатында жиналып спектакль көрген мамандардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының баспасөз хатшысы Манар Әлиева, Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінен Анар Орашова, Шаңырақ спорт мектеп-интернат колледжінен Ержігіт Ибрагимов, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатынан Аяжан Бауыржанқызы және Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз хатшысы Айзада Болат бар.

Терең психологизммен ерекшеленетін көрнекті орыс драматургы А.Володин пьесасы бойынша қойылған спектакльге  ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры  арқау болған. Шарттылық белең алатын қойылымда әр кейіпкер әртүрлі таным, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни әрбір адам – жеке әлем, тек сол әлемге үңілу, оны түсіне, қажет болса кешіре білу – үлкен қасиет.  Негізінен театрдың жас буыны қатысатын спектакль өмірдің осы бір қарапайым да күрделі пәлсапасы туралы ойларға жетелейді. Баспасөз хатшылары қойылымнан жақсы әсер алып, театр ұжымына алғыс айтып тарасты. 


Еліміздің мәдениеті мен өнерінің жарнамасын үздіксіз жасап жатқан мамандарға қызметінде толағай табыстар тілейміз! ⠀