Венгрлік антрополог Андраш Жолт Биро Сәбит Әбдіхалықовпен кездесті

«Мадьяр-Тұран» қорының төрағасы, венгрлік антрополог  Андраш Жолт Биро  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына арнайы келіп, театр директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері  Сәбит Әбдіхалықовпен және директордың орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбаймен кездесті.


Кездесу барысында  Венгрияда өтетін Көшпенділер құрылтайында бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс білдірді.  Толығырақ тарқататын болсақ, екі жылда бір рет «Мадьяр-Тұран» венгерлік қоры және «Ұлы дала»  Қазақстандық серіктес қоры, басқа да достық ұйымдар мен елшіліктер Венгрияда түркі халықтарының құрылтайын өткізіп отырады. Генетикалық белгілері мен мәдениетіне байланысты ғұн-түркі тайпаларына туысқан барлық халықтар өз делегацияларын Венгрияға жіберетіні белгілі.

Қазір Андраш Биро мырза венгрлер мен ежелгі түркі халықтарының көшпелі көші-қонын зерттеумен айналысуда және бұрынғы көшпелі халықтар арасындағы мәдени байланыстарды қолдайды екен.


Венгерлік антрополог Андраш Жолт Биро түрік халықтарының тарихын 10 жылдан бері зерттеп келеді, Қазақстанды өзінің екінші үйі деп атайды және венгрлерді түркі текті халық деп санайды.  «Менің достарым көп, олардың кейбірі ағаларыма, ал Қазақстан менің екінші үйіме айналды. Мен қазақтардың ата-баба мұрасын құрметтейтініне ризамын», – дейді антрополог.