Ұлын іздейтін дархан ел барда, ұлылар мәңгі жасамақ...

 Қазақ өнерінің майталманы, театр сахнасының Қодар мен Шұбанқұлы, Қален мен Бетайы болып көрерменнің көзайымына айналған, «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі ретінде тарих беттерінде есімі алтын әріппен жазылған – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Уәйіс Сұлтанғазыұлының 70 жылдығына орай еске алу кеші өтті.


Салтанатты шара басталмас бұрын, театр фойесінде Наргиз Тамабекқызы жетекшілік ететін «Музей» бөлімі Уәйіс Сұлтанғазыұлының жеке шығармашылығынан және әр жылдары сахналанған спектакльдердің фотокөрмесін ұйымдастырды. Көрмені мерекелік шараға келген әр көрермен тамашалап оң бағасын берді. Артистің отбасы мен туыстары, өнердегі әріптестері және Сәбит Әбдіхалықов бастаған Әуезов театры ұжымы өткен күннің белгісі болған көрмеде қойылған экспонаттар мен тарихи суреттерді тамашалады.




Әуезов театрының жас режиссері Алмат Шәріповтың ұйымдастыруымен өткен мерекелік шараның жүргізушісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов болды.
Жас артистер Азат Тұрарбеков пен  Захира Рахымжанның «Ғашықтар диалогынан» басталған кеш, әдемі лирикалық сарынмен жалғасын тауып отырды. «Айқаракөз» әнін орындаған – театрымыздың жас та талантты актері Мейрамбек Тағанов.
Қазақ театры мен «Тамаша» ойын-сауық отауында қайталанбас образдар жасаған Уәйіс Сұлтанғазыұлын еске алу кешінде оның туған-туыстары мен Әуезов театры ұжымы болды. Ал Есмұхан Обаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әубәкір Рахимов, Жұмағали Маханов, Асылбек Боранбай, Данагүл Темірсұлтанова сынды артистер сахна төріне шығып, актер жайлы жылы  естеліктерін, сомдаған рөлдері мен өткен күннің қызықтарымен  бөлісті.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның халық артисі:
«Алла жаратқанда әр пендесіне ризығын, көретін қуанышын өлшеп береді деген тәубешіл ойға көнсек те, іштей сол жоғалтулардың бағасын қиналыспен, өкінішпен қабылдайды ғой пенде, шіркін. Мынау табанымыз тиіп тұрған – киелі сахна және ұлы мәртебелі көрермен, Сіздер барда өнер деген құбылыс дүниеге келеді екен. Өткенімізге, ертеңімізге саяхат жасап жүргенмен, бағамызды кейде біле алмай жатамыз. Бүгін сахнадағы артистің жүрегі, ертең басқаша соғады. Өмір өтеді де кетеді. Тірі адам тіршілігін жасайды. Осы театрда жалғызсырап жүрген пақырларыңызбын. Уәйіс, Әшірәлі, Әнуар, Мейірман, Құдайберген.... Мен солардың үні мен дауысын іздеймін... Еш арамдығы жоқ олардың орны бөлек. Сол күндерді аңсаймын. Біз саф таза көңілмен, үмітпен келдік.. Ертеңіміз қалай болады екен деген күдіктің өзі тап-таза болатын...»
Өзінің бір мөлтек сырын жеткізген соң, Тұңғышбай Жаманқұлов сахна төрінде «Өнер адамы» және «Достарым» әндерін шырқады.
Әубәкір РАХИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
«60-70 жылдарда театрға келген бір топ жастардың ішінде Уәйіс те болды. Өзінің ұстазы Ыдырыс Ноғайбаевтың барлық образын шебер сомдап шықты. Қилы заманда Ұзақ батырдың рөлін сомдады, жалпы шеберлігі алғашқы эпизодтан-ақ көріне беретін. Әмбебап актер болатын. Мұның барлығы табиғат берген қасиетінде жатыр...»




Кешке келген көрермендердің барлығы да артист туралы естеліктерді рахаттана, сүйсіне тыңдап, оның ойнаған рөлдерінен бірнеше эпизодтарды тамашалады. Залдағы отырған барлық жанашыр жандардың ойында тұрған сөзді Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев айтты. «Әттең, тірі болғанда ғой...» Егер көзі тірі болса, бүгінгі тойда бәрін талқандап, күлкіге батыратын еді деп еске алады режиссер Е.Обаев.


Театрымыздың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов та «Уәйіс ағамызды еске алу кешінде емес, дәл қазір сахна төрінде, ортамызда бар  сияқты сағыныш сезімінде отырмыз» деп түйіндеді. Содан кейін,  Уәйіс Сұлтанғазыұлының жары Шолпан Сұлтанғазина ханымға қазақы дәстүр бойынша,  театр ұжымы атынан камзол кигізіп, ілтипат білдірді. 
Өнер өлмейді. Өнер бір кезеңде ғана өмір сүрмейді. Өнер алмасады, жалғасады, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып беріледі.  Уәйіс Сұлтанғазыұлының өнерде де, өмірде де қалдырған ізі бар. Ал іздің іздеушісі болады... 
Мақаламыздың түйінін, жүргізуші Болат Әбділмәновтың сөзімен аяқтайтын болсақ, «ұлын іздейтін  дархан ел барда, ұлылар мәңгі жасамақ».

Гүлім Рысқұл

«Маркетинг және қоғаммен байланыс» бөлімі