АЙША АБДУЛЛИНАНЫ АҚЫРҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында   103 жасқа қараған шағында өмірден озған көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет», «Ұлы Отан соғысының ардагері» ордендерінің және Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығының иегері – Айша Абдуллинаны ақтық сапарға шығарып салды. 

Қарашаңырақта ұйымдастырылған қаралы жиында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова актрисаның жақындарына, туған-туыс және әріптестеріне қайғыра көңіл айтып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының көңілайту жеделхатын оқып, хатты марқұмның қызына тапсырды.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Қадірлі қауым! Қазақтың өнері мен мәдениеті қайғылы оқиғаға ұшырап отыр. Айша апамыздың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын... Көзі тірісінде «Алматыға әкелсеңдер...», «туған жерімде болсам...»  деген ниет білдіріпті.  Бәріміз де Айша апамыздың тілегін қабылдап,  өз елінде, қарашаңырақ Әуезов театрында соңғы сапарға аттандырып отырмыз. Алдынан жарылқасын.  Енді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының көңілайту жеделхатын жеткізгелі  отырмын:

                    Айша Абдуллинаның отбасына, жақын-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. ҚР Халық артисі – Айша апамыз қазақ өнеріне өшпес із қалдырды. Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында үзіліссіз еңбек етіп, қазақ драматургиясында және әлемдік классикалық қойылымдарда 100-ден астам рөлдерді сомдады. Ғұмыр жасы ғасырдан асқан абзал жанның өмірі кейінгі толқынға үлгі. Оның жарқын бейнесі халқымыздың есінде мәңгі сақталады деп сенемін.

Нұрсұлтан қаласы. Ақорда. 2019 жыл. Қараша.

 

АЛМАТЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ АТЫНАН ҚАЛА ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ  –  ӘХЕТОВ МАМАЙ ҚАНИҰЛЫ қазаға байланысты қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың  көңіл айту жеделхатын жеткізді:

                   Айша Абдуллинаның әулетіне, көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет» белгісі, «Ұлы Отан соғысының» ардагері ордендерінің иегері Айша Абдуллинаның дүниеден озғандығы туралы суыт хабарды барша өнерсүйер қауым күйзеліспен қабылдады. Қазақ өнерінің қарашаңырағы – Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек жолын бастаған  актрисамыз биік-биік белестерді бағындырды. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Қ.Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетті. Айша апамыздың ұрпағына, туған-туыстарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Айша апамыздың өнердегі, өмірдегі жарқын бейнесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Иманы жолдас, топырағы торқа болғай. 

 


ҚАЛДЫБЕК ҚҰРМАНӘЛІ,  композитор,  Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі:

                   Қадірлі қаралы жиынға келген қауым. Біз бүгін қазақ театр өнерінде із қалдырған ұлы тұлғамен қоштасып отырмыз. Айша апамыз, Шымкент шаһарына  31 жасында барған екен. 72 жыл өмірі осы қаламен байланысты, 65 жыл Жұмат Шанин театрында қызмет етті. Сондықтан да, Шымкент халқы, қайғырып, көңіл айтамыз. Қазақстанның Халық артисі , «Парасат», «Құрмет белгісі», «Ұлы Отан соғысының ардагері» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Айша Абдуллинаның жақындарына көңіл айтамыз, – деп Шымкент қаласы әкімі Ерлан Айтахановтың көңіл айту жеделхатын жеткізді.

 

СӘБИТ ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты:

                        «Түбіне тіршіліктің тағдыр ие,

тәңірдің құзырында бар дүние.

Шындығы қаратасты балқытады,

келгенде қылқобызың зар күйіне», – дейді. Айша анамыздың еткен еңбегі біздің  Әуезов театрынан басталған. Оның еңбекқорлығы, тез қабылдай алатын қабілеттілігі – қазіргі жастарға үлгі. Шымкент қаласында Ж.Шанин театрында рөлдерін өте жоғары деңгейде  алып шығып жүрді. Оның ешкімге ұқсамайтын бір қасиеті болды. Театрдағы актерлердің барлығы жарыс алаңында тұрған жүйріктер сияқты. Соның өзінде алдыңғы қатарға шығып, біршама бейне жасап, көп қыздарға, актрисаларға үлгі бола білді. Барлығына Айша апамыздың жасын тілеймін.  


ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның халық артисі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының басшысы:

                   Ардақты ағайын. Біз бүгін қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет еткен, сахнаға шығып, елінің, ұлтының алдында жүрегін жарып шыққан ұлы сезімдерін ұлтына арнаған, Алланың назары түскен, өнер майталманы, Пайғамбар (с.а.у) жасынан асып, бір ғасырдан аса қызмет жасаған Айша апамызбен қоштасып тұрмыз. Қазақстандағы бүткіл 56 театрдың атынан көңіл айтып тұрмын. Қазақстан театр қайраткерлері одағының 2600 мүшесі бар. Апамыз 56 жылдан бері сол одақтың мүшесі болып келеді.  Басқан ізі білінбейтін, қарапайым кісі еді. 100 жасқа келгенде  Қазақстан театр қайраткерлері одағы Қырғызтандағы  қызымен хабарласып, Қазақстанға әкеліп «Еңлікгүл» сыйлығын тапсырдық... Біз өнер адамдарының есепсіз еңбегін, еліне деген ессіз махаббатын, осы сахна арқылы қадірлеп өтетін қазақ деген қай      ырымы мол халықпыз. Сондықтан  алғашқы қадамын Атамтеатрдан бастаған Айша апамыздың соңғы қадамы да осы жерден болмақ.. Жақын, туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын! Қош, апа!

Еңбек жолы Әуезов театрында басталған актрисаны дәл осы қарашаңырақтан соңғы сапарға аттандырды. Қаралы жиыннан кейін, Мұхтар Әуезов ескерткішінің жанында марқұмның жаназасы оқылды. Ал марқұмның мәйіті Кеңсайға жерленді.