Театр артистері – Елбасы туралы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде

ҚР Президенті Н.Назарбаев туралы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде басты рольді театрымыздың актері Берік Айтжанов ойнады.

Ресейдің кино маманы, режиссер Сергей Снежкин түсірген бұл фильм «Елбасы жолы» эпопеясының жалғасы. Осыған дейін Н. Назарбаевтың балалық,жасөспірім, жастық шағы, саясаткер ретінде қалыптасу жолы туралы фильмдерде Елбасының бейнесін Н.Әлімжанов ойнаса, Президенттің өмірі мен шығармашылығына арналған бесінші көркем фильмде таңдау Берік Айтжановқа түсті. Актер: «мемлекет басшысына ұнады. Ол фильмді жоғары бағалап, қалай түсірілгеніне де, режиссуралық деңгейіне де, бүкіл актерлерге де риза болды. Ешқандай ескерту айтып немесе жазғырған жоқ. Мен үшін ел Президенті рөлін сомдау өте жауапты іс болды. Бойымда қуанышпен қатар, қолымнан келер ме екен деген қорқыныш та болды», – дейді актер.

a3d2bc8fff1702f1d9b5d5bcff57a882

Фильмге театрымыздың танымал актерлері театр директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлден бастап, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыржан Қаптағай, Ғани Құлжанов, Азамат Сатыбалды, Қазақстанның «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Еркебұлан Дайыров, актриса Жанель Мақажанова түсті.

Фильмнің сюжеті бойынша ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өмірбаянын жазу мақсатында Елбасымен кездеудің жолын іздейді. Алайда, жоспарланған сұхбат өткен күннің еншісіндегі тарихқа көз жүгірткен әңгімеге ұласып, журналист Н.Назарбаев еске алған 1950-1991 жылдар аралығында өрбіген оқиғаларға “сапар шегеді”.

Қазақ өнерінің қарашаңырағында өнер көрсететін артистердің еліміздің кино саласының дамуына үлес қосуы, оның ішінде мемлекеттің алғашқы Президенті Н.Назарбаев туралы фильмге түсуі театр сахнасында буыны қатып, бекіген, шеберлігі шыңдалған актерлер үшін үлкен сын. Сондықтан, артистерімізге сәттілік тілей отырып, алда әлі талай асуларды бағындыратынына, М.Әуезов театрының актерлері деген атқа лайық болатынына сеніміміз кәміл! Ал жуық арада көрермен қауымның назарына ұсынылатын картина жұртшылықтың көңіл таразысында сараланып, актерлеріміз оң баға алады деген үміттеміз.

Баспасөз қызметі.