Елең-алаңдағы ел үміті

Жүзжылдыққа татитын жыл, ғасырға бергісіз кезең болады. Аңсатқан арман мен күллі ғасырдың тілегін аспандатқан, абыроймен жүзеге асырған соңғы жиырма жылдықты қысқаша тек осылай сипаттауға болар. Кешегі кеңестік кезеңнің шіріген бодан жібін үзіп шыққан елдердің ерлігін ширатқан шығармашылық өнер туындылары өмірге келіп жатыр. Ауызға қақпақ, аяққа тұсау салып шідерлеген заманның өтемақысы іспетті тарихи шындықтың өнер тілінде сөйлегені, әсіресе, бүгінгі және келер ұрпақ үшін керек-ақ. Бұл кезеңде жанарынан болашаққа деген сенім жоғала бастаған, аяқ-қолынан жан кете құр сүлдері қалбаңдап, әлемдік қауымдастық шаңына көміле ілескен алып империяны меңдеген ауыр кеселдерден сауықтыру әрекеті барлық «кішкене халықтар» тарапынан  жасала бастағаны сол, зыр айналған тарихтың тегершігі оны тіпті тездете түсті. Оқ атпай-ақ отарлап алған Кеңес Одағы деп аталатын дімкәс империядағы дәрменсіз демократияның әлсіз дауысы алғаш рет Қазақстандағы Желтоқсан дүмпуі болып естілді. Мәскеу бастықтарының бұйрығымен аяусыз жанышталған жауынгер қазақ ұл-қыздарының ерлігі іштей іріген Одақтың одан сайын құлдырап, ұсақ республикалардың ұлттық санасына сәуле боп шашырады. Алмағайып уақыт қарсаңындағы ұлттың қарсылығы өз Ұлының  тізгін ұстауына жол ашты. Міне, осындай бұралаң жолды басынан кешіп, келешекке көз тіккен елдің тағдыры туралы толғанып, жұртшылыққа жол тартқан «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін көріп, кино қоржынның да, тарихымыздың да тағы бір көркем шындықпен өрілген туындымен толықтырылғанына қуандық. Шеңгелден босануға ұмтылған ұлтымыздың Тәуелсіздікке қанат қағу жолындағы әлсіз қарсылығына тебірендік. Буырқанған тарихи оқиғалардың бәрінің басында Елбасымыздың жүргенін, күрделі кезеңде қиын шешімдерге бара білгенін, сөйтіп елдің өркендеуіне үлкен күш-жігер қосқанын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына бет алған тұста ризалықпен еске түсіруге мүмкіндік берген шынайы көркем шежіре болып шыққанына шүкіршілік айттық.

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі 1984-1991 жылдар аралығындағы Президенттің өмір жолын, Н.Назарбаевтың Президент болып сайланғанға дейінгі ел тарихындағы елеулі оқиғаларды бейнелейді. Туындыны түсіруге Ресейдің ең мықты деген кинематографистері атсалысты. Төрт айға созылған түсірілім жұмыстары екі елдің аумағында өтті. Фильмнің режиссерлігіне Ресейден Сергей Снежкин арнайы шақырылған.  Сон­дай-ақ, фильмге Берік Айтжанов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды, Ға­ни Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанел Ма­қажанова, Бауыржан Қаптағай, Динара Бақтыбаева, Алтынай Нөгербек, Алдабек Шал­баев, Қарлығаш Мұхамеджанова сынды белгілі актерлер түсіп, өз рольдерін  жоғары дең­гейде ойнап шықты деу­ге болады.

Айта кететін тағы бір жайт, фильм­дегі танымал тарихи тұлға­ларды,  КСРО президенті Михаил Горбачев, Ресей президенті Борис Ельцин,  АҚШ президенттері – Джордж Буш және Билл Клинтон, Сауд Арабиясының ко­ролі Фахд әл-Сауд және Палестина ав­то­номиясының басшысы Ясир Арафат сынды әлемге әйгілі мемлекет қайраткерлерінің бейнелерін Игорь Угольников, Сергей Гармаш, Дарья Мороз, Алексей Гуськов, Хью Фрейзер, Ричард Кордери, Стивен Пейси сияқты ресейлік және шетелдік  актерлер сомдаған.

Ал, Елбасының рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белді артисі, танымал кино актері Берік Айтжанов сомдаса, оның ата-анасы ролін Еркебұлан Дайыров және Жанел Мақажанова сынды осы театрдың жас актерлері орындаған.

Режиссер С.Снежкиннің сырттан келгеніне, Қазақстанмен қоян-қолтық араластығы жоғына қарамастан егемендік таңы ататын елең-алаң уақыттағы қазақ қоғамының тынысын дәл беруге тырысқаны байқалды. Болашақ Елбасының ел қорғаны болатын қадамын да, алғышартын да шымыр ширата алған. Фильмге Кеңес Одағы ыдырап, жаңа тәуелсіз мемлекеттер бой көтерген кезең арқау болған. Оқиға Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін қазақ жеріне алғаш келген ағылшын жазушысы Джереми Вильсонның сұхбаты негізінде өрбиді. Айта кету керек, фильм Қазақстан үкіметіндегі бір үзік кезеңді көрсетуге арналса да, саясаттағы ауқымды оқиғаларға сай ірі масштабты қамтып, фильмді түсіруге 10 000-ға жуық адам қатысқан.

Берік Айтжанов, актер:  Тарихта қалатын ұлы тұлға Елбасымызды сомдау қиынға соқты. Дегенмен, осы рөлге тағайындалғанымды естігенімде қатты қуандым. Бірақ бір шетінен қорқыныш та пайда болды. Демек, өзімнің шығарған нәтижеме сыни көзқарас болатынын біле отырып, дайындықпен келдім. Үлкен массалық адамдарды қажет ететін көріністерге 1000-ға, 2000-ға дейін адам жинаған кезде адамдардың энергетикасынан, бір жерде жұмылдырылған халықтың арасында жүру, оның ортасынан абыроймен өту Елбасы үшін қандай ауыр жүк екенін, жауапкершілік екенін түсінгендей болдым. Егер шын мәнінде осылай болса, мен өйтіп өмірде өте алмас па едім? Кинода болса да халықтың алдына шығып сөйлегеннің не екенін, қалай болатынын білдім, шынымды айтсам, Президентіміздің қадірін түсінгендей болдым. Халықты тыныштандыру деген үлкен бір жауапкершілік, үлкен адами бір қасиет деп ойлаймын.

Еркебұлан Дайыров, актер: Фильм жоғары деңгейде түсірілді. Режиссердің біліктілігі, білімі, кәсіби қарымы айырықша атап өтуге тұрады. Осындай білікті киногермен жұмыс істеу біздің де тәжірибеміздің толыға түсуіне мүмкіндік болды. Фильмде Елбасының әкесі Әбіш атамыздың ролін ойнадым. Қазақта «Әкесіне қарап ұлын таны», «Әке көрген оқ жанар» деген сөз бар. Қазақ елінің маңдайына біткен дара тұлғаның көп мінезі, басты қасиеті әкеден даритыны анық. Режиссердің түсіндіруі бойынша, Әбіш әкенің ролін ер мінезді, бір сөзді, салмақты қазақы бейнеде көрсетуге тырыстым. Бағасын көрермен бере жатар. Мақсатым – Елбасының еліне, Қазақстанға сіңірген еңбегін, ұлтжандылығын, елжандылығын өскелең ұрпаққа көрсетіп, өнеге ету болды. Мұндай фильм қазақ еліне керек. Осындай кейіпкерді қазақ көрерменімен қауыштырғаным үшін қуаныштымын.

Азамат Сатыбалды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Түсірген фильмдері қашан да көрерменнің биік талғамына жауап беретін Ресей режиссері Сергей Снежкинмен жұмыс істеу үлкен бақыт. Бұл Қазақстан туралы, оның Президенті Н.Назарбаев туралы фильм болған соң тарихымыздың бір кезеңін суреттейтіні анық. Тарихи фильмге шөкімдей болса да өз үлесімді қосқаным, мен үшін үлкен сәттілік болды. Бұл Елбасыны дәріптеу емес, Елбасы арқылы Қазақстанды дәріптеу. Фильмге түскен актерлер үшін де  бұл аламан бәйгемен бірдей болды. Әрқайсымыз шеберлігімізді, талантымызды танытуға тырыстық. Мықтылардың мықтысы жарып шығып, фильмге түсті, солардың арасынан табылғаныма ризамын. С.Снежкин қазақ режиссерлеріне мүлде ұқсамайды. Ол үшін басты нәрсе, актердің ойыны, актердің түсірілім алаңында өмір сүруі. Кадрды, одан тысқары дүниені тұтасымен операторы мен көмекшілеріне тапсырған. Өзі тек ойды жеткізу мәселесімен айналысады. Бір ауыз сөз ғана айтатын сахнаны бір сағат талдаған кезіміз болды. Бұл – актер үшін үлкен мектеп. Сондай-ақ, бізбен бірге Ресей киносының бүгінгі беткеұстар мықты актерлері де ойнады. Олардың мысына жаншылмай, мықтылығына жем болмай, тереземіз тең болып, иық тірестіре ойнап шығу үшін де біз көп жауапкершілік арқаладық. Нәтижесінде С.Снежкин: «Қазақ актерлері Ресей актерлерінен еш қалыспай ойнап, тіпті кей жерінде артық ойнағанын да көрдім», – деді. Өз басым дәл осы фильмнің түсірілімінен өзім үшін пайдалы ой түйіп, кемшін тұсымды көріп, жетістігімді байқап, шеберлік сабағын алғандай болдым.

Материалды дайындаған: Айгүл Аханбайқызы