«АЙ МЕН АЙША» – ЖЕҢІС КҮНІНЕ КӨРСЕТІЛДІ

Биыл Ұлы Жеңіске 71 жыл. Қарашаңырақ театр еліміз үшін аса елеулі осы мерекеге арнап 8 мамыр күні «Ай мен Айша» спектаклін көрсетті. Соғыс және еңбек ардагерлері арнайы шақырылған бұл қойылым қалың көрерменге Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» манифесті аясында көрсетілді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнайы шығарылған спектакль бір жылдан бері сахнада табысты жүріп келеді. Ал, осы жолы «Ай мен Айша» аса бір биік рухта өтті. Сахнадағы актерлер: Айша – Д.Жүсіп, Мұртаза – Ж.Толғанбай, Барысхан – Е.Тұрыс, Мамай қарт – Т.Жаманқұлов, Қамқа – Г.Жақыпова, Тотия – А.Өмірова, Нұрперзент – Е.Бектас, Айдай – А.Бақытжанова, Қалпе – Ж.Әміровтар және Үлкен залда отырған қалың көрермен бірге тыныс алғандай, жүректері бірге соққандай ерекше бір ахуал орнады. Осының бір көрінісі мына төмендегі ой-пікірлер, жүрекжарды лебіздер болса керек.

Айжамал МЫРЗАБЕКОВА, еңбек ардагері:
– Мереке күндері Алматыда тұратын үлкен ұлымның үйіне қонаққа келіп едім. Театрға ұлым мен келінім ертіп әкелді. Өзім қатты толқып тұрмын. Өйткені, сахнадан өмір шындығын, соғыс шындығын көрдім. Соғыс басталғанда мен ойын баласы едім. Әке, ағаларымыз майданға кетті. Аналарымыз таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Ойын баласы болып көрмедік. Қарнымыз тойып тамақ жемеген күндеріміз аз емес. Жаңа сахнада жүрген айғайшыл бригадар біздің ауылда да болды. Біздер үшін қара қағаз деген сөз ең қорқынышты сөз еді. Көп айтып қайтейін, сахнада бәрі тұр ғой – баласынан айырылып аңыраған ата-ана, күйеуінен айрылып қара жамылған жап-жас келіншектер. Соғыс салған лаң. Бірақ, бала болсақ та бізде бір сенім бар еді. Ол, кейін есейгенде ойлап байқасам, Жеңіске деген сенім екен. Соғыс пен Жеңіс туралы балаларыма, немерелеріме үнемі айтып отырамын. Бірақ, сахнадан көргеннің жөні бөлек екен. Театрға, спектакльді шығарған, қатысқан азаматтарға көп рахмет!

Ғалия ЖҮНІС, университет оқытушысы:
– Құрылғанына биыл 90 жыл толып отырған М.Әуезов атындағы
академиялық драма театры – театрлардың ішіндегі төресі ғой. Мұнда отбасыммен де, студенттеріммен де жиі келемін. Студенттеріммен көрген спектакльдерді міндетті түрде талқылаймыз. Өйткені әр спектакль үлкен рухани азық. Ойға ой қосады, жастарға бағыт-бағдар да береді.
«Ай мен Айша» биік рухтың спектаклі. Ғалымдардың зерттеуі адам төзбес небір қиындықтарда рухы өте мықтылар ғана жеңіп шығатынын көрсетеді. Айша – сол биік рух. Мамай қарт та. Анасы мен отбасына қорған болғаны еліне де қорған бола алатынын танытатын Барысхан да. Қамқа – тұнып тұрған мейірім. Бұл спектакльді осымен үшінші рет көрдім. Актерлер әр спектакль сайын жаңа қырынан ашылады, бұл жолы да бәрі рольдерін керемет ойнады.

Тағы бір атап айтарлығы – аса қадірлейтін актеріміз Тұңғышбай ағаның ойынын көрдік. Ол кісі шыққанда сахна толып кетеді. Әрбір қимыл-қозғалысы, сөзі ерекше әсер етеді. Ал, спектакльдің қоюшы-режиссері Тұңғышбай әл-Тарази ретінде Ол – соғыс атаулының, жалпы зорлық-зомбылықтың әкелетін қасіретін бағамдатады. Ұлт ретінде сақталуымыздың алғышарттарының бірі – ұрпақтың үзілмеуі, алдағыны болжап отыру, жаңаға, жақсыға ұмтылу, дейді. Жалпы күрделі спектакль, көп ой салады адамға.

Сабыр БАЙТӨРЕ, жеке кәсіпкер:
– Театрға үй-ішімізбен анда-санда келіп тұрамыз. «Ай мен Айша» романын оқымаған қазақ жоқ шығар, ал, спектакльді бүгін бірінші рет көріп отырмыз. Жеңіс күніне арнайы келдік. Айтары көп, ойы терең спектакль екен. Халық жауы болып нақақ айдалып бара жатқан Мұртазаның «Айша! Балаларға ие бол. Отымды өшірме!», «Айша! Балаларға ие бол! Атымды өшірме!» деп қайта-қайта нығарлай айтуында қаншама мағына жатыр! Айшаның бүкіл өмірі Мұртазаның сол аманатын орындаумен өтті ғой. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл халықтың тағдыры. Үлкен буын актерлердің шеберліктеріне сөз жоқ, сондай-ақ Барысхан, Нұрперзент, Тотия, Айдай рольдеріндегі жастардың ойындарына да тәнті болдық. Қойылымның суретші М.Сапаров жасаған сахналық көркемделуі мәнді әрі заманға сай, Ш.Базарқұлова жазған және пайдаланылған өзге де музыка уақыттың, заманының атмосферасын беріп тұр.

Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қойылып, театр репертуарында бір жылдан бері жүріп жатқан «Ай мен Айша» – мамандар мен қалың көрерменнен жоғары бағасын алған спектакль. Көрнекті суреткер Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан» повесі мен ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басындағы дәстүрлі прозамыздың биік шыңы деуге болатын «Ай мен Айша» атты өмірбаяндық романы бойынша драматург Еркін Жуасбек сахналық нұсқасын сәтті түзіп, режиссер Тұңғышбай .Әл-Тарази сахналық ғұмыр берген қойылым – жалқыдан – жалпыға, жекеден – типтікке көтерілген туынды. Жалпы Тұңғышбайдың режиссер ретіндегі бір ерекшелігі – әманда сүйекті тақырыптарға баратыны, елдік мәселелер көтерілетін спектакльдерімен азаматтық биік позициясын өнер деңгейінде көрсетіп отыратыны. Оның осы сипаттас «Томирис», «Қазақтар» спектакльдері осы қойылымымен әдемі толықты.
«Ай мен Айшадағы» оқиғалар, тартыстар бірнеше деңгейде, бірнеше өлшемде қат-қабат жүріп отырады. ХХ ғасырдағы саяси-идеологиялық беймағына тайталастар. Әлем-ғаламдық үлкен катаклизмдер. Және осы орбитадағы жеке адамдардың қақпақыл тағдыры, жанбай сөнген отбасылардың, әулетке айнала алмай қалған немесе айналу-айналмауы әлі де екіталай отбасылардың тағдыры. Бір сөзбен айтқанда ұлт болашағының сахналық көркем ойы.
Спектакльдің көркемдік тілі күрделі әрі айқын. Айталық, экспозиция немесе алғашқы көріністегі 1-мамыр мерекесі сахнасында артқы план – уақытты, мерекенің саяси мағынасын аңдатса; мерекенің халықтық сипатын танытатын жайлы да жарқын бояулы алдыңғы планнан – көз алдыңызда бейнелеу өнерінің тұрмыстық жанрдағы жанды картиналары пайда болады…. Ауыр ашылып-жабылып тұрған алып қақпаның арғы жағында қым-қуыт, қатыгез өмір, үлкен қоғам, әлем-ғалам. Бергі беті қарапайым екі отбасының тұрмыс-тіршілігі – өмірлік ұстанымдары, мақсат-мұраттары, адами-имани болмыстары. Айшалар арқылы оты сөнбеген ошақтар, жалғасқан әулеттер. Туған жерге, Отанға деген махаббат… Әрбір әулеттен табылатын Айша символдық бейне. Текті қазақ әйелдерінің жиынтық бейнесі. Спектакльдегі оқиғалар – саяси қуғын-сүргін, соғыс алапаты қазақтың әрбір отбасының басынан өткен қасірет…

Әкемнің әулетінің Айшасы – әжеміз Мәуия болыпты. Әкесі Арқада есімі белгілі, қара суды теріс ағызатын Жүніс молда деген кісі екен. Отағасы дүние кешіп, үлкен ұлы Тілеп көкеміз 37 жылы Жанайдар Сәдуақасов, Ораз Жандосовтармен қатарлас халық жауы атанып, ұсталып кеткенде отбасының көрмеген қиындығы жоқ көрінеді. Сонда арабша хат таныған, діни білімі бар, көзі ашық, қайратты да қайсар әжеміз рухы сынбаған, балалары мен екі немересін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген, білім берген, университеттерде оқытқан.
Әкеміз Қаһарман Ұлы Отан соғысына қатысқан. Халық жауының інісі ретінде көп теперіш көрген, ағасының жазықсыз екенін, өзінің Отанға адал екенін дәлелдемек болып, қоярда-қоймай майданға өзі сұранып кеткен. Үлкен бір ұрыста ауыр жараланып, елге оралған. Топырақтың астында көміліп қалған жерімнен тауып алды, сендердің көрер жарықтарыңның болғаны ғой деп отыратын.
Нағашы атам Жазкен де халық жауы болып ұсталған. Ұлы Қуаныш өзі айдауда жүргенде шетінеген. Жалғыз қызы Жұмагүл анамыз жастайынан қайғы шегіп, көп қиындық көргендіктен 31 жасында инсульттан дүние салған. Демек, сол қуғын-сүргіндерден біздердің де жанымызда жара бар…
Асекең әулетінің Айшасы – Қымбат анамыз (Айтоты) елдің анасы болған жан. 24 жасында бір ұл, бір қызымен жесір қалған. Атамыз Сүлейменнің соңғы хаты 45-тің сәуірінің соңғы күндері келген екен, содан хабарсыз кеткен. Дерегін әлі күнге тапқан жоқпыз.

Ұлы Жеңіс мерекесінде Алматыдағы туыстар бас қосып, 28 Панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік Алауға гүл шоқтарын қойып, сол ұлы қырғында шейіт кеткен боздақтарға, өз ата-әкелеріміздің рухына тағзым еттік. Содан кейін қара шаңырақ театрдың Жеңіс мерекесіне арнайы көрсеткен «Ай мен Айша» спектакліне арнайы келдік. Жастар театр музейін көріп-таныстып-тамашалады. Келіншектер театр дәмханасынан шай ішті. Бұл кеште мен қатардағы көрермен болдым. «Ай мен Айшаны» ағайын-туыстар, бауырлар – аға, орта, кіші буын – қызметкерлер, студенттер, оқушы балалармен бірге отырып көрдім. Қойылым бәріне де қатты ұнады. Кіші буын арнайы әкелген гүлшоқтарын актерлерге сыйлады, ескерткішке суретке түсті. Театрдан барлығы да қатты әсерленіп шықты. «Ата-бабаларымыздың өмірін көргендей болдық. Олар бастан кешкен қиындық – біздердің бүгінгі өміріміздің өтеуі ғой. Рухани бір сілкініп қалдық» десті үлкендер. Жастар жағы енді қандай спектакльге келетіндері туралы пікірлесіп жатты. Мұның бәрі спектакль берген жақсы әсерлер екені анық. Осы орайда елеулі мерекеге арнайы «Ай мен Айшаны» көрсетуді жоспарлаған басшылыққа, спектакльдің шығармашылық ұжымына, қойылымның өте жақсы шығуына ат салысқан бүкіл цехтардың қызметкерлеріне ырзашылық білдіргіміз келеді. Бұл бастама жалғасын табатыны анық. Алдағы уақыттарда театрдың өз адамдары болсын, қалың көрермендер болсын – мерекелерде, туған күндер, өзге де атаулы даталарда, тіпті жай күндері де әулет болып, ата-әже – ата-ана – немере болып театрға жоспарлы түрде жиірек келіп тұрса жарасар еді…

Бұл кеште театрға келіп, мазмұнды да көркем, тағлымды спектакль көрген көрермен Елбасымыз Н.Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» манифесті аясында аясында өмір кешелік, сол жолда еңбектенелік деген оймен тарасты.

Материалды дайындаған
Мөлдір Бекжан