"Лир патша" трагедиясы "Әбіш әлемі" фестиваліне қатыспақ

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры "Әбіш әлемі" атты І республикалық театр фестиваліне У.Шекспирдің "Лир патша" спектаклімен қатыспақ. Фестиваль 6-9 желтоқсан күндері Ақтау қаласы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында өтеді. "Лир патша" трагедиясы 7 желтоқсан күні сағ. 15:00-16:30 аралығында қойылады. Осыған орай назарларыңызға "Лир патшаның" үш қызы Гонерилья, Регана, Корделияның пікірлерін ұсынамыз.


Жанаргүл  Жаныаманова, актриса (Регана):

Бұған дейін "Лир патша" трагедиясы 2016 жылы 16-20 мамыр аралығында Тәжікстанда өткен  V Республикалық "Нигохи Нав" (жаңа көзқарас) Жастар театр фестивалінен Бас жүлде иеленген болатын. Бүгінде спектакльдің аудармасын жасаған Әбіш Кекілбаев атындағы фестивальге қатыспақпыз. Жалпы шет ел, жат жерде өнер көрсетуге қарағанда өз елімізде өтетін фестивальдің жүгі ауыр сияқты маған. Өйткені, "қазылар алқасында, көрермендер залында бізді тәрбиелеген ұстаздарымыздың отыруы мүмкін" деген ойдың өзі үлкен жауапкершілік арқалатады. Сол себепті Дулыға Ақмолда ағамыз бастаған қойылым тобы қазіргі уақытта әр сөзімізге дейін мән беріп, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.


Әсел Сайлауова, актриса (Гонерилья):

90-маусымда тұсауы кесілген спектакльдің өткен  V Республикалық "Нигохи Нав" фестиваліндегі Бас жүлденің ізін суытпай "Әбіш әлемі" фестиваліне қатысуы - біз үшін үлкен мәртебе. Негізінен әке мен бала арасындағы махаббат, билікке деген тартыс, отбасы құндылығы бейнеленетін спектакльде Лир патшаның үлкен қызы Гонерилья ролін ойнаймын. Пьеса ақ өлеңмен жазылғандықтан, әрбір сөзді халықтың жүрегіне жеткізу - біздің парызымыз.  Сондықтан фестивальге дайындалып жатқан әріптестеріме сәттілік тілей отырып, жүлделі орыннан көрінеміз деген үміттемін!


Динара Үсенова, актриса (Корделия):

"Лир патша" сынды әлемдік театр сахналарында қойылып жүрген классикалық шығарманың біздің театрымыздың репертуарында барлығы қуантады. Мұндай туындылар бізге әлемдік деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Осы орайда театрымыздың режиссері Елік Нұрсұлтан сахналаған спектакльдің Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың 100 жылдық мерейтойына арналған фестивальде "Ең үздік актерлік ансамбль" және "Ең үздік өзіндік жұмыс" номинациялары бойынша марапатталғанын атап өту керек. Спектакльде маған сеніп тапсырылған роль -  Лир патшаның кенже қызы Корделия бейнесі. Жалпы шыншылдығы және мейірімділігімен ерекшеленетін бұл кейіпкерім жүрегіме жақын. Сондықтан "Әбіш әлемі" фестивалінде өз қарым-қабілетімізді көрсетеміз және қазылар алқасы мен көрермендердің оң бағасын аламыз деген сенімдемін!


Дайындаған - Мөлдір БЕКЖАН.