М.Әуезов театрында Сәбира Майқанова туралы деректі фильм көрсетілді

Бүгін М.Әуезов театрында Қазақстан және КСРО халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, "Қазақ актрисаларының Қаллекиі" Сәбира Майқанова туралы деректі фильм көрсетілді.

Деректі фильмде актрисаның өмір мен өнердегі ғұмыры, ойнаған рольдері және замандастары мен әріптес, шәкірттерінің естеліктері көрініс тапты. Театрымыздың абыз ақсақалдары Қазақстанның Халық артистері Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев және театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлден бастап, театрдың шығармашылық ұжымы және техникалық  цех қызметкері ерекше ықыласпен ден қойып, тамашалады. Сонымен қатар, Сәбира Майқанованы еске алып, деректі фильмнің түсірілуіне түрткі болған актрисаның қызы Гүлдар Әбдірашитова анасы туралы естеліктерімен бөлісіп,  арнайы сөз сөйледі. Театрдың жас буын актерлері де өз кезегінде "Қазақ сахнасының анасына" деген ықылас, құрметтерін білдіріп, актрисаға арнап өлеңдер оқып,  хор айтты.

Деректі фильмде көрсетілген  Сәбира Майқанова туралы пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.

Әшірбек Сығай, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері: "Қазақ театры және Сәбира Майқанова - тұтас ұғым. Театрды айтқанда, Сәбира Майқанованы еске алмай сөйлесек, "Ұлттық театрымыздың" жартысы ойсырап тұрғандай болар еді. Неге десеңіз, Сәбира Майқанова - Қазақ театрының екінші толқыны. Бірінші толқынға 1926 жылы Қызылордада алғашқы театр ашылғанда еңбек еткен ақсақалдар, екінші толқынға Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Сейфолла Телғараев, Қамал Қармысов, Атайбек Жолымбетов жатады".

Асанәлі Әшімов, КСРО халық артисі: "Сәбира апаны "Әйелдердің Қаллекиі" деп атайтынмын. "Сәбира - менің пірім" деп жазған мақалам да бар. Ол,  шын мәнінде, театрдың анасы болды және сахнада өмір сүрді. Сәбира апамыз ойнағанда, халық тым-тырыс тыңдайтын. Ол кісі күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылайтын еді. "Ана-Жер-Анада" еңіреп отыратын".   

Тұңғышбай әл-Тарази, Қазақстанның халық артисі: "Сәбира апай сияқты өнерге жүрегінің әмірімен, ерекше бір тартылыс күшімен келген аға-апаларымызда үлкен батылдық пен өзіне деген сенімділік болған деп ойлаймын. Өйткені,  білім алмаған, институт бітірмеген, теориялық біліммен сусындамаған "Самауырлық сары алтындар" ұлттық табиғи талантты ешнәрсеге айырбастамай, кірлетпей, сол күйінде жүрегінде, ағазасында қалған бір қара қасиеттеріне сенген болу керек, сенбесе оны жоғалтпаған, сол себепті өнерде ол кісілердің жұлдыздары жарқырап, аттары алтын әріптермен жазылған".

 Дайындаған - Мөлдір БЕКЖАН.