«Бақыт кілтінің» біз білмейтін сыры...

    Әуезов театры 91 маусымдағы үшінші прьемераның шымылдығын ашуға қызу дайындық үстінде. «Бақыт кілті» қойылымның прьемерасы 27, 28 қаңтарда және 5, 11 ақпан күндері жүреді.  Бұл – кәсіпкер тағдырына құрылған шығарма. Кәсіпкер ол – бүгінгі драматургияның жаңа образы. Яғни, қазіргі заманның тыныс-тіршілігі, ахуалы, адал кәсіп иесінің өмір жолы, күресі спектакльде көрініс табады.

    Қазіргі күн тақырыбында қойылғалы отырған спектакль прьемерасының алдында автор мен қоюшы режиссерді сөзге тартып, қойылым жайлы әңгімелескен едік.



Есмұхан Обаев, қоюшы режиссер, Қазақстанның халық әртісі:

    - Қазір біз драматургияға зәруміз. Сондықтан театрға драматургтерді тарту үшін осыдан үш жыл бұрын театр жас драматургтер арасында конкурс жариялады. Сол конкурстан озып шыққан үш драматургке «Әуезов театрында шығармаларын сахналайды» деген сертификат бердік. Міне, сол драматургтердің ең соңғысының пьесасы қойылып жатыр. Ол – драматург Мұрат Қолғанаттың «Бақыттың кілті» пьесасы. Оның алдында біз сол конкурстың лауреаты жазушы, драматург Мәдина Омарованың «Ақтастағы Ахико» пьесасын сахналадық. Ал, Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» тарихи шығармасының сахналық нұсқасын жасауды драматург Әннес Бағдатқа беріп, ол қойылды. Міне, осы үш драматургтің шығармалары Әуезов театрының бай репетуарына өзіндік тақырыбы, өзіндік көзқарасы, өзіндік ойымен келіп қосылған шығармалар. Осы шығармалары арқылы бұл драматургтер өз дауыстарымен, өз ойларында бұлқынған жаңа идея, ойларын алып келді. Драматургтің өз даусы, өз ойы, өз тартысы, өз дүниетанымы, қоғамға қатынасы болуы керек. Ол – драматургтің азаматтық көзқарасы.

    Пьесадағы оқиғаның шапшаң дамуы, ұшқыр ойлары ұнады. Содан осы пьесаны сахналауға кірістім. Пьеса – бүгінгі күннің үлкен бір тақырыбын көтереді. Ол – жеке кәсіпкерлікке бет бұрған адамның тағдыры; бизнес пен қоғам қақтығысы. Дүние бір орнында тұрмайды. Қазір заман басқаша. Алайда, адал кәсіп иесіне кедергі жасаушылар да бар. Оның бәрінің артында шахтадан түскен пайданың тең жартысына иелік ету тұр. Ал, кәсіпкер бұған көнбейді. Ол: «аға-көкелердің заманы өткен, мен бүгінгі күннің адамымын. Заң не десе, соны ғана орындаймын, соның аясында жұмыс істеймін» дейді. Міне, қойылым оқиғасы осындай шиеленісте, қызықты әрі жылдам дамиды. Көрерменді зеріктірмей, ертіп отырады. Қойылымның негізгі идеясы да сол – қоғамға, елге қызмет етіп жатқан адамдардың адал еңбегімен шындық үшін күресі. Әрі қазіргі күні шелідей жабысқақ болып тұрған «жалқау қазақ, қолынан іс келмейтін қазақ, надан қазақ» деген сықылды бұралқы, жалған түсініктерді жоққа шығарған кәсіпкерлердің тағдыры, күресі, өмір жолы. Біздің заманымыздың жаңа образдары, жаңа тұлғалары жайлы қойылым көрерменді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын.


 Қолғанат Мұрат, драматург:

    - Осыдан үш жыл бұрын Әуезов театры жас драматургтер арасында бәйге жариялаған. Оған мен де қатысып, жүлдегерлер ішінен көріндім. Сонда бізге шығармаларың Әуезов театрында қойылады деп сертификат берген. Міне, араға үш салып, театр өзінің уәдесінде тұрып, «Бақыт кілті» пьесамды сахналағалы отыр.

    Пьеса Тәуелсіздік алған жылдардағы кәсіпкерлердің қилы тағдыры, бастан кешкен қиындықтары мен олардың күреске толы өмір жолдары туралы баяндайды. Бұл - Елбасымыздың үнемі айтатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау керек дейтін сөзімен үндесіп жатқан шығарма.            

    Біздің қоғамда кәсіпкерлер жайлы теріс түсінік қалыптасқан. Яғни, «көкесі бар, ағасы бар» дегендей. Шын мәнінде, ондаған, жүздеген жұмыс орындарын ашып, елге жұмыс беріп, өз кәсібінің жолында адал қызмет етіп, өзі бастап, өз аяғына тұрып, елді дамытуға титтей де болса үлесін қосып жүрген қаншама кәсіпкер азаматтар бар. Ал, олардың тағдыры, бастан кешкен дүниелері, көрген қиындықтары, жүріп өткен жолы жайлы көпшілік біле бермейді. Тек сырттан тон пішіп сөйлеуге ғана шебер. Бұл пьесаның бас кейіпкері де дәл сондай кәсіпкер жолындағы қиындықпен күресіп, өзінің адал кәсібін қорғайды.

    Кәсіпкерлер арасында ұлттық дүниелерге қаржы салып, қолдап жүргендер де жеткілікті. Алайда, біз кәсіпкер десе, бай адам деп оған советтік түсінікпен жек көре қараймыз. Ал, «Бақыт кілті» пьесасы өткеннің емес, бүгіннің даусы, бүгінгі замана кейіпкерінің өмірі, тағдыры, жолы. Осы пьесаны жазу барысында кәсіпкерліктің де жолы оңай болмайтынын, қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала екенін түсіндім.

    Кейіпкерлерге келсек, бас кейіпкер де, өзге кейіпкерлер де жиынтық образдар. Негізінен бүгінгі күннің жаңа образы, жаңа тұлғасы саналатын кәсіпкерлік саладағы адамдардың тағдырын көрсетуге тырыстым. Бағасын көрермен береді ғой.


Өміржан Әбдіхалықұлы