«Бақыт кілті» шындықта!

27-28 желтоқсан күндері Әуезов театрында кезекті премьера болып өтті. Қазақстанның халық артисі, режиссер Есмұхан Обаев сахналаған драматург  Қолғанат Мұраттың  «Бақыт кілті» пьесасының қойылым екі күнде де аншлагпен өтті.

Спектакль Бауыржан есімді кәсіпкердің тағдырын арқау еткен. Тағдырын болғанда тұтастай емес, оның қараусыз қалған алтын шахтасын сатып алып, кәсіп бастаған тұсынан бастап оқиға өрбиді. Оқиға желісі жылдам әрі шапшаң шиеленісіп, көрерменін лезде баурап алады.

Барын сатып, отбасымен алтын шахтасына үміт артқан Бауыржанның кәсібі салған жерден жүріп кетпейді. Әуелгі кедергі шахтадан заңсыз алтын қазып жатқан қылмыстық топ. Екінші кедергі – пара тілеген шенеунік. Үшінші – өз ішінен шыққан сатқын. Міне, осы үштаған қойылым оқиғасын шиырықтырып, көрерменді финалға дейін жетелеп алып келеді. Әр оқиға өзінше емес, бір-бірімен байланыста дами отырып, толық картинаны құрайды.


Спектакль бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін көтереді. Ол – кәсіп жасау жолындағы көзге көрінбейтін кедергілер, жемқорлық, қылмыстық топтар. Осы үш мәселеде біздің қоғамда бар. Мәселен, спектакльде алтын шахтасын енді игере бастаған Бауыржан жұмысшыларға айлап жалақы төле алмай қалады. Ал, жұмысшылар ереуілдетеді. Бұл біздің қоғамнан жат нәрсе емес. Әлі күнге дейін талай компаниялар жұмысшылар алдындағы қарызын өте алмай жүр. Бірақ, Бауыржан жұмысшыларға шынын айтады және оның ата-анасы да жұмысшылар алдында иіліп, адамгершілік түсіністік танытып, алғашқы алтын сатылған күні жалақы мәселесі шешілетініне уәде береді. Солай болады да. Бірақ, алғашқы алтынды саудаға шығарғанша талай кедергі кездеседі. Мысалы, алтын кенін игеруге Бауыржанға өзін көмектестім деп ойлайтын шенеунік одан 10 млн доллар пара сұрап келеді. Бауыржан мұндай заңсыз іске үзіл-кесілді қарсы екенін мәлім етеді. Тісін шақыр-шұқыр қайрап, «Бәлем, сені ме!» деп шенеунік кетеді. Ал, Бауыржанның сенімді серігі болып жүрген Ермек болса, осы оқиғалардың бәрін іштен білетіндіктен, шахтадағы қылмыстық топ және шенеунікпен ауыз жаласып, Бауыржанға қарсы тор құрады. Сондағы мақсаттары – ақша. Ақша – бүгінгі адамдардың да талмауыр тұсы. Біз күнделікті өмірде ақша үшін қылмысқа, сатқындық пен алаяқтыққа басқа адам сенгісіз әрекеттерге барып жатқан адамдар жайлы естіп-біліп жатамыз. Демек, Бауыржанға қарсы ор қазып жүргендер де алыстан келмеген... Олар біз күнделікті қылмыс хроникасынан көріп жүрген және жемқорлыққа қатысты істі болып жатқан шенеуніктердің сахнадағы образы. «Бақыт кілті» - бүгінгі күн шындығы.

Спектакльде бас кейіпкер Бауыржанның аузымен айтылатын тағы бір дертті шындық бар. Оқиға шиеленісе бастаған тұстағы сахнада Бауыржан бүй дейді: «Жалқау кім? Қазақ! Надан кім? Қазақ! Қолынан іс келмейтін кім? Тағы да қазақ! Мен қазақтың ондай емес екенін дәлелдеймін! Соны дәлелдеу үшін бастаған ісімді аяғына дейін жеткіземін!» деп өзін-өзі қамшылап, жігерлендіреді. Бауыржанның айтып тұрған сөзіне назар аударуға тура келеді. Біздің қоғамда қазақ халқына қатысты сондай бір бұралқы сөз көп айтылады. Дәлелсіз, дәйексіз. Неге? Себебі, бізде бір адамның жаман қасиетін бүтін бір ұлтқа жапсыру, жеке адамның әрекетсіз ісін бүтін халықтан көру сықылды кесірлі мінез бар. Міне, осы қоғам мінезін автор қойылым арқылы шенейді. Оған қарсы қолынан іс келетін, жас кәсіпкер қазақ азаматының тағдыр жолын айғаққа қояды.

Қорыта айтқанда, спектакль бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне қозғау салып, сол арқылы көрермен көңіліне жол тапты. Ендеше, қоғам шындығын көргіңіз келсе, театрға асығыңыз!

Естеріңізге сала кетейік, «Бақыт кілті» спектаклінің прьемерасы 5,11 ақпан күндері жалғасады.


Өміржан Әбдіхалықұлы