Есмұхан Обаев

Обаев Есмұхан Несіпбайұлы, Қазақстанның халық артисі, профессор.

1960-1964 жж.  Құрманғазы атындағы Ұлттық  консерваторияның театр факультетін режиссура мамандығы бойынша үздік  бітірді. Алғашқы қойылымдары –  «Ромео мен Джульетта» (Шекспир), «Әке тағдыры» (Б.Жәкиев),  «Жомарттың кілемі» (Ә. Тәжібаев) спектакльдерін Қарағанды облыстық С. Сейфуллин  атындағы театрында сахналады.

1965-1967 жжМ. Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы-режиссер болып еңбек атқарды.

«Жаяу Мұса» (З.Ақышев), «Боран» (Т.Ахтанов), «Көзілдірік» (Б.Майлин) қойылымдарында режиссерлік  қабілетін танытты. Жас режиссер шеберлігін шыңдай түсу үшін Қазақстанның Мәдениет министрлігі Коллегия алқасының шешімімен Мәскеудегі М.Горький атындағы академиялық театрына (МХАТ) екі жылдық жоғарғы курсқа жіберілді.

1968-1970 жж. МХАТ-та КСРО халық артистері М. Н. Кедров пен И. М. Раевскийден дәріс алып, олардың «Ревизор» (Н.Гоголь), «Сүйікті алдамшы» (А.Тур) қойылымдарында көмекші режиссер болды.

1970-1972 жж. Қазақтың  Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы-режиссер болып, Б. Майлиннің «Шұға», С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», т.б. пьесаларды қойды.

Ұлттық және дүниежүзілік классикалық туындылардан: «Манастың ұлы Семетейді» Қырғыз Мемлекеттік академиялық драма театрында, М. Әуезовтің «Қарагөзін» Ош облыстық драма театрында, «Абайын» Ыстықкөл облыстық драма театрында, М.Ғаппаровтың «Тұзды шөлін» Қырғыз Мемлекеттік Жасөспірімдер театрында табысты сахналады.

1972-1992 жж. республикадағы ежелгі өнер ордаларының бірі Семей облыстық Абай атындағы музыкалық драма театрында көркемдік жетекші болды. Бұл жиырма жыл –  батыс, орыс, қазақ классиктерімен қатар, бүгінгі күн драматургтерінің пьесаларын сахнаға шығарған айшықты кезең.  

Н. Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», М. Горькийдің «Шыңырау түбінде», У. Шекспирдің «Асауға – тұсау», Ғ. Фаизидің  «Башмағым», С. Құдаштың «Құдаша», У. Гаджибековтің «Аршын мал алан», О. Иоселианидің «Арбаң аман болсын», ұлттық  классикадан М. Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Дос – Бедел дос»,  Ғ. Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын, Е. Рахмадиев, Ғ.Мүсіреповтің «Қайран, Майрасын», сондай-ақ, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, Қ. Мұхамеджанов, Ә. Тарази, С. Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975-1990жж. келген жас буын өкілдері О. Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д. Исабековтің «Әпке», «Перизат», Т. Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н. Оразалиннің «Тас киіктер», Р. Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде»,  «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б. Мұқайдың «Сергелдең болған серілер»,  «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын  сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді.

1992-1995жж. Қазақтың Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр және кино институтының  (Өнер Академиясы) ректоры қызметінде осы оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай қайта жаңғыруына үлкен үлес қосты.

1995-2001 жж. ҚР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет Комитеті төрағасының орынбасары лауазымды қызметтерін атқарып, кәсіби қазақ өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Германияда, Үндістанда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы басқа алыс-жақын шетелдерде өткен қазақ өнері мәдени күндерінің көркемдік жетекшісі болды.

Ұзақ жылғы режиссерлік қызметінде Абайдың 150, Жамбылдың 150, М. Әуезовтің 100, Түркістанның 1500 және Тараздың 2000 жылдық тойларында ұлттық мерекелердің қойылым топтарын басқарып, шығармашылық қызғылықты ізденістер танытты.

2001 ж. қыркүйекте ҚР Мәдениет министрінің бұйрығымен М. Әуезов  атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Содан бергі он шақты жыл ішінде осы сахнада М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Абай», Н. Гогольдің «Ревизор» («Пара»),  Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Ә. Әмзеұлының  «Қара кемпір», қырғыз драматургы  Б. Жәкиевтің  «Жүрейік жүрек ауыртпай…», И. Сапарбайдың  «Сыған серенадасы» (Т.Аралбаймен бірге), Н. Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», Д. Исабековтің «Жаужүрек», Т.Әбдіковтің «Ұлы мен Ұры»  сынды әр сипатты пьесаларды сахнаға шығарды. Бүгінде табысты жүріп жатқан бұл көркем спектакльдер қара шаңырақ театрдың «қоғамның тәнінен адамның жанын іздегіштік» (А.Сүлейменов) бағытын айқындай түседі. Көркемдік жетекші және директор ретіндегі шығармашылық және ұйымдастырушылық толассыз еңбегі  жемісін беріп келеді.

2013 жылдың сәуірінен театр директорының кеңесшісі қызметін атқарады.

Шығармашылық зор жетістіктері, кәсіби өнерді дамытудағы ерекше еңбегі бағаланып  режиссерге Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975), Қазақстанның халық артисі (1988),  өнертану ғылымының профессоры  (1993) құрметті атақтары берілді. Театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін «Бас тарлан-Платина» сыйлығының (2004),  «Парасат» орденінің (2007), «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің (2011), «Барыс» орденінің иегері (2014),  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016). 

Режиссер шығармашылық жолында К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера-балет театрында, облыстық көптеген қазақ және орыс, сондай-ақ, Орта Азия театрларында 100-ден аса спектакль қойды.