Салиха Қожақова

Алдағы қойылымдар:

Өкінішке орай қойылымдар табылмады

Қожақова Салиха, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келді.

1958-1960 жж. М. Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияда оқыды. Студияны бітірісімен М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды.

Сол уақыттан бері үзіліссіз осы сахнада еңбек етіп келе жатқан еңбекқор да ізденімпаз  актриса ұлттық және әлемдік драматургия бойынша драма, комедия, трагедияларда  елуден аса роль орындады.  

Сахнадағы рольдері:

Ұлттық драматургияда: М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Қарлығаш, «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Қарагөзінде» Ақбала, «Абай» трагедиясында Мағыш, «Түнгі сарынында» Мөржан, Қ. Шаңғытбаев, К. Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» мен «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Жансұлу,  Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Қарақат, Ә. Тәжібаевтың «Майрасында» Айбарша, Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасында» Жәмила, «Біз періште емеспізінде» Ана,  Д. Исабековтің «Мұрагерлерінде» Райхан,  «Кішкентай ауылында» Зейнеп, А. Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Кемпір, И. Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасында Нұрғаным, А. Тасымбеков, Қ. Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Халима, Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Қатша т.б.

Әлемдік және бауырлас елдер драматургиясында: Н. Гогольдің «Үйленуінде» Дуняша, Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббатында» Доротея, М. Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» Күтуші әйел,  Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Әлиман, С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Луфти, «Күйеуінде» Рахима,  Ф. Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасында» Бибіхан,  Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасында Сыпайы әйел т.б.

Кино рольдері:

«Менің атым Қожа», «Ән қанатында»,  «Долана»,  төрт сериялы «Шоқан Уәлиханов», «Бес ағайынды» (барлығы да «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген), сондай-ақ, тәуелсіз киностудиялардың бірнеше фильміне түсті. 

С.Қожақова жасаған көркем рольдері үшін театр фестивальдерінде  жүлделерге ие болды, «Еңбек ардагері» төсбелгісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1998), «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері (2011), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016).