Рахилям Машурова

Машурова Рахилям Әбдрахманқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері.

1946 ж. Алматыда дүниеге келді. Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінің актерлік бөлімін бітірді.

1968 ж. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданған, содан бергі шығармашылық ғұмыры осы қара шаңырақпен тығыз байланысты. Қара шаңырақ сахнасындағы тұсаукесері Ә. Тәжібаевтың «Майрасындағы» (реж. Б. Омаров) Айбарша ролі. Содан бері театр сахнасында 70-тен аса роль орындады.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Күнікей (реж. Ә. Мәмбетов), Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Әлиман (реж. Ә .Мәмбетов, ауд. Қ. Мұхамеджанов), Қ. Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Мәмпәси (реж. Ж .Омаров), Қ. Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясында (реж. Ә. Мәмбетов) Марфуға, Д. Файзидің «Башмағымында» (реж. А. Пашков) Сәруар, Иран-Ғайыптың «Шыңғысханында» Есүй, А. Тасымбеков, Қ. Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Хеличем (реж. Б. Атабаев), А. Сүлейменовтің «Кегінде» Шұға (реж. Ә. Рахимов), Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» Ирма (реж. Қ. Сүгірбеков), Ә. Әмзеевтің «Қаракемпірінде» Қали (реж. Е. Обаев), С. Балғабаевтың «Сағыныш пен елесінде» Анар, Т. Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Жамал (реж. Ә. Рахимов), Т. Жүженоғлының «Көшкінінде» (реж. А. Кәкішева) Кемпір, М. Әуезовтің «Абайында» (реж. Е. Обаев) Зейнеп ақын т.б.

Әлемдік драматургияда: Шекспирдің «Юлий Цезарінде» (реж. Қ. Жетпісбаев) Порция, Ф. Эрвенің «Түлкі бикешінде» (ауд. С. Шаймерденов, реж. Ә. Мәмбетов) Дениза, М. Булгаковтың «Жендеттерінде» («Мольер», ауд. А. Сүлейменов, реж. В. Мажурин,) Арманда Бежар, А. Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымында» («Ваня ағай», ауд. Ә. Кекілбаев, реж. Ә. Мәмбетов) Соня, Е. Замятиннің «Еділ патшасында» («Аттила», ауд .Ә. Бөпежанова, реж. Ю. Коненкин,) Еділдің бәйбішесі Кіреуке, Гогольдің «Парасында» («Ревизор», реж. Е. Обаев, ауд. М. Әуезов) Анна Андреевна т.б.

Абай атындағы академиялық Опера және балет театрына Онеггердің «Жанна д’Арк» операсындағы Жанна д’ Арк роліне шақырылып, азаттық және отаншылдық идеясымен рухтанған батыр қыздың бейнесін сәтті шығарды.

Кинорольдері:

«Қасқырдың қасіретінде» (Ш. Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша, «Қырғызфильм», реж. Садырбаев) Гүлімхан, «Назугумда» («Өзбектелефильм», реж. А. Қасымов) Айымхан, «Қазақы оқиғадағы» (реж. Д. Манабай, «Қазақфильм») Маржан т.б.

Өнер Академиясының Оқу театрында қойған спектакльдері:

А. Чеховтің «Ұсыныс», Д.Файзидің «Башмағым», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», Е. Брусиловский, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Моцарт, Бомаршенің «Фигароның үйленуі», С. Алексиевичтің «Мамандығы: Отанды қорғаушылар», «Тағдыр» (Шәкәрім мен М.Әуезов туындылары желісімен) т.б. қойылымдарды қойған.

Р.Машурова ұлағатты ұстаз, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі. 1975 жылдан бері  Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында дәріс оқып, шәкірттер тәрбиелеп келеді. 

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1991), доцент (1997), ҚР білім беру ісінің үздігі (1998), профессор (2005), «Құрмет» орденінің иегері (2005), ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері (2009), “Парасат” орденінің иегері (2015).