Ғазиза Әбдінәбиева

Әбдінәбиева Ғазиза, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат», ордендерінің иегері.

Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тартоғай ауылында дүниеге келген.

1970 ж. Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетінің актер бөлімін бітірді.

1969-1993 ж ж. Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрында қызмет етті.

1993 ж. бастап  М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында еңбек етеді.

1994 ж. Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтында актрелік шеберліктен сабақ береді.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: Б. Майлиннің «Шұғасында» Шұға, Ш. Айтматовтың «Арманым – Әселімде» Әсел, С. Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» Райхан (реж. Ә. Рахимов), М. Мақатаевтың «Қош, махаббатында» Әже, «Абай десем…» қойылымында Ана,  А.Тасымбеков, Қ.Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Тұтқын, Қ. Мырзалиевтің «Түрт, сайтаным, түрт»  комедиясында Шекер, Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Күләй, Ш. Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ана, «Қарагөзінде» Мөржан (реж. Б. Атабаев), М. Әуезовтің   «Айман-Шолпанында» Теңге (реж. Е. Обаев), Ө.Боранбаевтың «Әңгүдігінде» Зинаида,  Қ. Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Айша апай, Д.Исабековтің «Мұрагерлерінде» Салиха (реж. О. Кенебаев), С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында Нарбота» (реж. Ә.Рахимов), Шахимарденнің «Томирисінде» Елес (реж. Т. әл-Тарази), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Баронесса (реж. Е. Обаев) т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда:  Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Сүт-ана (реж. О. Салимов), «Гамлетінде» Гертруда (реж. Ю. Ханинго-Бекназар), Н .Гогольдің «Ревизорында» Анна Андреевна («Пара», реж. Е. Обаев), Чеховтың «Шағаласында» Аркадина (реж. Б. Атабаев), М. Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Таңқабике («Күнәһар», реж. О. Кенебаев), Ү. Ғаджыбековтің «Аршын мал аланында» Жихан (реж. Т. әл-Тарази), И.Вовнянконың «Қаза мен жазасында» Дәулетқалиева (реж. А.Әшімов, С.Асқаров), А.Володиннің «Қоштасқым келмейдісінде» Бейтаныс әйел (реж. А.Маемиров)  т.б.

Кинорольдері:

«Нан» – Жамал (реж. А. Тәжібаев),  «Қауын» – бас кейіпкердің зайыбы (реж. В. Пұсырманов), «Қыз жылаған» – Әсия (реж. С. Нарымбетов), «Жел адам» – ауыл тұрғыны, «Сіз кімсіз, К мырза?» – жолсерік (реж. Қ. Ахметов),  «Біржан сал»  – Бүрме әже (реж. Д. Жолжақсынов),  «Айналайын» – Сәлима (реж. А. Сатаев) т.б. көркем фильмдерге; «Тоғысқан тағдырлар» Роза және «Қара шегіртке» Марго, «25 км» Қарлығаш (реж. И.Пискунов), «Зауал» Әже (реж. Ж.Айбасов), «Побег из аула» Тетя героя (реж. Н.Адамбаев), «Кемпір» Күлпәш (реж. Е.Тұрсынов), «Домашние войны» Әже (реж. А.Кирюшенко) телесериалдарына түскен.

Актриса балаларға арналған телебағдарламаларда: «Хабар» телеарнасындағы «Балалық шағымыздағы саябақ» бағдарламасына қатысып, ән айтып,  «Сиқырлы әріптерде» Айгүл, «Ояндыңыздар ма?» бағдарламасында жүргізуші Роза апай болса; «Қазақстан-1» телеарнасындағы «Пай-пай, шоу» бағдарламасында жүргізуші Роза Ғазизовна болды. «Алматы  – алғашқы махаббатым»  бағдарламасында әнші ретінде көрінді.

Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі, сондай-ақ Республикалық және  Халықаралық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте жүлдегері.

Гастрольдік сапарлармен Германия, Ресей, Иран және Қазақстанның бірқатар қаласында өнер көрсеткен.

ҚР еңбек сіңірген артисі (1992), «Құрмет» орденінің иегері (2006), «Қоштасқым келмейді» қойылымындағы Бейтаныс әйел ролі үшін «Сахналық шынайылық» жүлдесі (2016).

«Парасат» орденінің иегері (2018)