Меруерт Өтекешова

Өтекешова Меруерт Қаратайқызы,  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері.

Орал қаласында дүниеге келген.

1968 ж. Алматыдағы №66-мектепті бітіріп, сол жылы «Қыз Жібек» кинофильмінің басты кейіпкерінің ролін ойнауға шақырылған.

1969-1973 жж. Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факультетін, КСРО халық артисі Х.Бөкееваның класы бойынша бітірді.

1973 ж. М.Әуезов театрының актерлік құрамында үзіліссіз еңбек етеді. Театрдағы алғашқы ролі Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша Ә.Мәмбетов қойған «Ана-Жер-ана» спектакліндегі Әлиман (1973).

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Қарагөз, «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Ғайни (реж. Ә.Мәмбетов), Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһар (реж.Б.Омаров), «Мұрагерлерінде» комиссия мүшесі (реж.О.Кенебаев), Ә.Әбішевтің «Кәусарында» Кәусар, Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесінде» Ханша, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» Медбике, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Бану, С.Мұқановтың «Мөлдір махабаттында» Бәтестің анасы (реж. Ә.Рахимов), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Күләш депутат (реж. Б.Атабаев), Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Ана (реж. Е.Обаев), Д.Кобрунның «Жынойнақ» драмасында (ауд. З.Аманша, реж. А.Кәкішева) т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда: Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Әлиман, Вампиловтың «Тұңғышында» Нина, А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Анфиса (ауд.Ә.Бөпежанова, реж.Р.Андриасян, А.Кәкішева) т.б.

Кино рольдері:

«Қыз Жібек» (1970), «Ғани Мұратбаев» (1971), «Ұлдың оралуы» (1977), «Қосымша сұрақтар» (1978), «Тентек балалар» (1980), «Аждаһа жылы» (1981), «Өрнек» (1982), «Өтелмеген парыз» (1983), «Жауын», «Ақ бақсы» («Мосфильм») (1982), «Шоқан Уәлиханов» (1983), «Провинциялық хикая» (1981), «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1985), «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Мосфильм» студияларының өзге де фильмдеріне түскен. Кейінгі кезеңде «Махамбет» (2008), «Арман қала» (2009), «Секіріс» (2010) фильмдерінде, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Жаным» (2010-2012) телесериалында рольдер ойнады.

«Қарагөз» спектакліндегі (М.Әуезов, реж.Ә.Мәмбетов) Қарагөз рөлі үшін 1982ж. Мәскеудегі Бүкілодақтық Жастар шығармашылығы байқауының лауреаты болды.

Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1982).

КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1991).

«Құрмет» орденінің иегері (2008).

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016).