Шәмшагүл Меңдиярова

Алдағы қойылымдар:

Өкінішке орай қойылымдар табылмады

Меңдиярова Шәмшагүл Мырзабекқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Талдықорған облысы Қаратал ауданы Қызылбалық  ауылында дүниеге келген.

1970ж. М.Әуезов атындағы театр жанындағы екі жылдық студияны бітіріп, театрдың актерлік құрамына қабылданды. Сол кезден бері театрда үзіліссіз еңбек етіп келеді.

1990ж. Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Мәнпәси (реж. Ж.Омаров), Ш.Құсайыновтың «Қилы-қилы тағдырларда» Дәриға, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Шолпан (Ә.Мәмбетов), «Қарагөзінде» Текті, «Дос-бедел досында» Күлпәш (реж.Қ.Жетпісбаев),  С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Нарбота, Ә.Тәжібаевтің «Майрасында» Майра,  Қ.Мұқашевтың «Дала дастанында» Мақпал, Б.Римованың «Қос Мұңлығында» Гүлзипа, Д.Исабековтың «Кішкентай ауылында» Шәмсия (реж.С.Асылханов),  Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» бәйбіше, «Абай десем…» символикалық драмасында Әйгерім, А.Сүлейменовтің «Жетінші палатасында» үй сыпырушы, «Қыздай жесір штат қысқартуында» Кемпір, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Шөкіш, А.Сүлейменовтің «Төрт тақта жайнамазда» Хадиша (реж. Ә.Рахимов), Қ.Ысқақовтың «Алатау сынды алабымында»  Хауа ана (реж.Қ.Сүгірбеков), Қ.Шаңғытпаевтің «Беу қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай» комедияларында Нұрсұлу, Т.Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Гүлжахан, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмшінің анасы, Е.Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!.» комедиясында Қара апа, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» (реж.О.Кенбаев)  реквиемінде кемпір, «Шыңғысханында»  Бөрте (реж.Б.Атабаев)  Бөрте, Қ.Ысқақ  пен Шахимарденнің «Қазақтарында»  Ана (реж.Т.әл-Тарази), Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Ағира (реж. А.Кәкішева)  т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда:  Д.Файзидің «Башмағымында» Жихан, Г.Лорканың «Бернарда Альбаның үйінде» Адела, Б. Томастың «Чарлейдің әпкесінде» Әнни,  Эрвенің «Түлкі бикешінде»  Скириния (реж.Ә.Мәмбетов), Иоселянидің «Арбан аман болсынында» Цаго (реж.А.Пашков),  Уигун, Сұлтановтың «Алишер Науайінде»   Хасият (реж.А.Тоқпанов)  М.Метерлинктің «Соқырларында» Жынды әйел, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» кемпір, Ш.Айтматовтың «Ана Жер Анасында» Жер-Ана (реж.Ә.Мәмбетов), Смеховтың «Мың бір түнінде» Фатима (реж.Т.Аралбай), Б.Брехтің «Тоғышардың тойында» Эмилия (реж.Б.Атабаев),  К.Гоццидің «Турандот ханшайымында» Селестина, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасында» Бибіхан (реж.Ә.Рахимов), Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Сыпайы кемпір, Т.Жүженоғлының «Көшкінінде» Кемпір т.б.

Дәстүрлі «Театр көктемі» фестивальдерінде жүлдеге ие болды.

Кинорольдері:

«Қазақфильм» киностудиясының режиссер Д.Манабай түсірген  екі сериялы «Сұрапыл сұржекей» фильмінде Сырға, «Сайтан көпір» фильмінде Ана,  «Қазақы оқиғада» Әйел, режиссер  А.Айтуаровтың «Елім-ай!» фильмінде Әсия бейнелерін жасады;  сондай-ақ «Ұлжан», «Кек», «Ең нәзік», «Астанаға көктем кеш келеді» т.б. көркем фильмдерде, «Тағдыр» телесериялында Ана т.б. рольдер орындады.

Республикалық кинофестивальде «Сұрапыл Сұржекей» фильміндегі Сырға ролі үшін «үздік әйел ролі» жүлдесінің иегері атанды.

Ш.Меңдиярова өнерінің бір қыры – әншілігі. Абайдың «Сегізаяқ» әнінің өз түпнұсқасы қалпында,  яғни өзіне тиесілі  әуенімен орындайтын бірден-бір әнші екенін атап өту қажет.  (Әнші бұл әнді театрдың Абайдың 150 жылдығына арнап қойған  «Абай десем…» спектаклінде Әйгерім ролін ойнағанда көрнекті актриса Хабиба Елебекованың үйретуімен орындаған болатын).  Актрисаның орындауындағы әндерді қазіргі репертуардағы «Бес бойдаққа бір той»,  «Сыған серенадасы» спектакльдерінде тыңдауға болады.

ҚР еңбек сіңірген артисі (1996).