Бекжан Тұрыс

Тұрыс Бекжан Асаубайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері 

1965 ж. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шошанай ауылында дүниеге келді.

1987 ж. Қазақ Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр және кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) «Театр-кино актері» мамандығы бойынша бітірген.1990 ж. бастап М. Әуезов атындағы театрда қызмет етеді.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М. Әуезовтің «Абайында» Көкбай, Сырттан, Баймағамбет (реж. Ә. Мәмбетов), Жиренше (реж. Е. Обаев), «Айман-Шолпанында» Балпық (реж. Ә. Мәмбетов), Жарас (реж. Е. Обаев), «Еңлік-Кебегінде» Көбей (реж. Х. Әмір-Темір), «Қилы заманында» Жаңабай, Жәмеңке (реж. Ә. Рахимов), Ж. Аймауытовтың «Ақбілегінде» Сүлеймен (реж. А. Әшімов), «Ғашықтық дертінде» Бәймен (реж. Қ. Сүгірбеков), Б. Майлиннің «Сабатажжында!» Мұқыш (реж. Ә. Рахимов), С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Мүсәпір (реж. Ә. Рахимов), Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Әбілов (реж. Ә. Мәмбетов), Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Исабек (реж. О. Кенебаев), А. Сүлейменовтің «Кегінде» Сері (реж. Ә. Рахимов), «Қыздай жесір – штат қысқартуында» Журналист (реж. Ә. Рахимов), Ә. Кекілбаевтің «Абылай ханында» Диуана (реж. Б. Атабаев), Ә. Тәжібаевтің «Мә-әқабат? Махаббатында» Жауырыншы, І. Есенберлиннің «Ғашықтарында» Адам (реж. Қ. Сүгірбеков), Д. Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуінде» Ертай (реж. Ә. Рахимов), «Актрисасында» Коммерсант (реж. Н. Жұманиязов), Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» Цезарь (реж. Қ. Сүгірбеков), «Сергелдең болған серілерінде» Нұрбай (реж. О. Кенебаев), Қ. Ысқақтың «Жан қимағында» Жүсіп (реж. Б. Атабаев), Шахимарден, Қ. Ысқақтың «Қазақтарында» Әдік (реж. Т. әл-Тарази), Т. Нұрмағанбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» Қырманбай (реж. Ә .Рахимов), «Қожанәсір тірі екенінде» Қожанәсір (реж. О. Кенебаев), С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтарында» Жолаушы шал (реж. Ә. Рахимов), И. Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Шәмші, Ә. Әмзеұлының «Қара кемпірінде» Құрбан (реж. Е. Обаев), Ө. Боранбаевтың «Әңгүдігінде» Шәукен (реж. О. Кенебаев), Т. Мәмесейіттің «Бәкей қызында» Шұбараяқ Ораз (реж. Е. Обаев), Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» Базарбай (реж. Е.Нұрсұлтан), А. Сүлейменовтің «Адасқақ» Біржан (реж. Ә. Рахимов) т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда: Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Слай, Педант (реж. Ә.Мәмбетов), «Ромео мен Джульеттасында» Лоренцо (реж. О.Салимов), Софоклдың «Эдип патшасында» Хабаршы (реж. Ә. Мәмбетов), Мольердің «Ақымақ болған басым-ай!» комедиясында Колен (реж. Ә. Рахимов), А.Чеховтың «Шағаласында» Яков (реж. Б. Атабаев), Гогольдің «Ревизорында» Шпекин («Пара», реж. Е.Обаев), С.Ваннустың «Сұлтан болсам егер мен…» Аркуб (реж. А. Әшімов), Е. Уахитовтың «Құдаларында» Дәрігер (реж. Ә.Рахимов, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария (реж. Е.Обаев), Н.Әбдіқадіровтің «Шыңғысханның соңғы мұхитында» Жошы (реж. Н. Әбдіқадіров), М. Сәрсекенің «Тендерге  түскен келіншегінде» Таубай, И.Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» спектаклінде Оразбай (реж. О. Кенебаев), Ә.Рахимовтың «Шәкәрімінде» Шәкәрім (реж. Ә.Рахимов), т.б.

Кино рольдері:

«Жел адам» – Молда (реж. Қ. Ахметов), «Құрақ көрпе» – Қойбағаров (реж. Р.Әбдрашев), «Махаббат жағалауы» – Автор, «Алтын алқа» – Әкім (реж. М.Бидосов), Сериал «Айналайын» – Шәкен (реж. Б.Қалымбетов, С.Өтепбергенов).

Белгілі актер «Хабар», Ұлттық телеарналар бағдарламаларына («Әзілстан», «77 күн», «Ұят болмасын», «Еркектің аты еркек», «Пай-пай шоу) белсенді қатысады.

Өзінің орындауындағы әндер жеке үнтаспа болып шыққан.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009),  Мемлекеттік «Дарын»  жастар сыйлығының лауреаты (2004), М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері (2016).