Дәрия Жүсіп

Алдағы қойылымдар:

Өкінішке орай қойылымдар табылмады

Жүсіп  Дәрия Әбдімәлікқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығы лауреаты.

Алматыда дүниеге келген. Орта мектепті Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында  бітірген.

1989-1993жж. Қазақ Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театржәне кино институтын (қазіргі Ұлттық Өнер академиясы) «Театр-кино актері» мамандығы бойынша оқып-бітірді. Осы жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет етеді.

1998ж. Қазақ Мемлекеттік Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар мен әлем тілдері институтының ағылшын тілі факультетін, 2008ж. Қазақ Ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясының камералық ән өнері бөлімін үздік бітірген.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М.Әуезовтің «Абайында» Әйгерім (реж. Е. Обаев), Ғ. Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» («Қозы Көрпеш-Баян сұлу») Баян сұлу (реж. Қ. Сүгірбеков), Ә. Тәжібаевтың «Жомарттың кілемінде» Несібелі,  Ә. Кекілбаевтың «Абылай хан» тарихи драмасында Күлпаш (реж. Б. Атабаев), «Қабыл – Адам Ата перзентіндегі» Эда (автор және режиссері К. Ашир),  Д. Амантайдың «Сәлеметсің бе, Қоңыр мұң?..» драмасында Дариға (реж. Қ. Сүгірбеков), Шахимарденнің  «Томирисінде» сақ патшайымы Томирис, Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтарында» Нигар ханум, (реж. Т. әл-Тарази), И. Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Баронесса (реж. Е. Обаев, Т. Аралбай), Е. Жуасбектің  «Күлеміз бе, жылаймыз ба?!» комедиясында Таня (реж. М. Ахманов), Д. Исабековтің «Жаужүрек» драмасында Елизавета Андреевна (реж. Е. Обаев), М. Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасында Сағила (реж. О. Кенебаев), Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Шешен әйел (реж. А.Кәкішева).

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда: К. Гоццидің «Турандот ханшайым» комедиясында Турандот, М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Айғаныш (реж. Т. әл-Тарази),  «Мың бір түн» бойынша қойылған «Әлі баба және қырық қарақшы» мюзиклында Шаһаризада (В .Смехов, реж. Т. Аралбай), «Шыңғысханның соңғы мұхитында» Бөрте (автор және реж. Н. Әбдіқадыров), У. Гаджибековтің  «Аршын мал алан» мюзиклында  Гүлчахра (режиссері Т. әл-Тарази).

Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін Дәрия сан қырлы талант иесі: дауысы әсем кәсіби әнші, мың бұралған биші екенін де атап айту орынды. Мәселен, оның  кәсіби әншілігі «Аршын мал алан» мюзиклы мен «Абай» трагедиясында, «Жаужүрек» драмасында көрінсе,  актриса  2005 жылы режиссер Б. Атабаевтың «Ақсарай» театрында қойылған «Қыз Жібек» заманауи операсында басты роль Жібектің партиясын орындады.

Актриса қазақ кино өнеріне де атсалысып келеді. Ол «Заманай мен Аманай», «Күлпаш», т.б.  көркемфильмдеріне түсті.

2008ж. бастап Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында «актерлік шеберліктен» сабақ береді. 2012ж. студенттерімен Мәскеуде «Гамлет» спектаклін табысты көрсетті.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты (1994), Қазақстанның тұңғыш Президенті қорының лауреаты (2010).