Тұңғышбай Жаманқұлов

Алдағы қойылымдар:

Өкінішке орай қойылымдар табылмады

Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлы (Т. әл-Тарази) – актер, режиссер, педагог, ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, өнертану ғылымының кандидаты, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы.

1948 жж. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Абай (бұрынғы Жаңасаз) ауылында дүниеге келген.

1973 ж. Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Өнер институтының (қазіргі Ұлттық консерватория) актерлік факультетін, проф. Х. Бөкееваның жетекшілігімен бітірді.

1970 жылдан М. Әуезов атындағы академиялық драма  театрының актерлік құрамында.

Сахнадағы негізгі рольдері:

Ұлттық және заманауи қазақ драматургиясында–  Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында»  Арыстан (реж. Ә. Мәмбетов), М. Әуезовтің «Таңғы жаңғырығында» Бақтығұл (сахналық нұсқа Қ.Ысқақ, реж. Б. Омаров),  Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» Мырзахмет (реж. Ә. Мәмбетов), Д. Исабековтің «Кішкентай ауылында» Демесін (реж. С. Асылханов), Н. Әбуталиевтің «Өттің, дүниесінде» Махамбет (реж. Ә. Рахимов), М. Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қарагөзінде» Басыбар, Сырым (реж. Ә. Мәмбетов), «Абылайдың ақырғы күндерінде» Абылайхан (автор және реж. М. Байсеркенов), Ә. Кекілбаевтің «Абылай ханында» Абылай, Ш. Құсайыновтің  «Үкілі Ыбырайында» Ақан сері (реж. Б. Атабаев), Қ. Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтарында» Жәнібек хан, «Томирисінде»  Кир патша (реж. Т. әл-Тарази), Мәдина Омарованың «Көмбе нанның дәмінде» Диуана шал (реж. А.Кәкішева) .

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда –  Р. Тюриннің «Ескерткішінде» Яков, Ш.Айтматовтың  «Ғасырдан да ұзақ күнінде» Әбутәліп (реж. Ә. Мәмбетов), И. Сұлтанов,  Ұйғынның «Әлішер Науаиында» Әлішер Науаи (реж. А. Тоқпанов), Гогольдің «Ревизорында» Хлестаков, Л. Дюрконың «Электра – сүйіктім меніңде» Орест, М. Булгаковтың «Жендеттерінде» Людовик ХІV (аударған А. Сүлейменов,  реж. В.Мажурин), А. Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымда» Астров (ауд. Ә. Кекілбаев реж. Ә. Мәмбетов), Шекспирдің «Юлий Цезарында» Брут (реж. Қ. Жетпісбаев), Софоклдың «Эдип патшасында» Эдип (ауд. Х. Ерғалиев, реж. Ә. Мәмбетов), К. Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентінде» Адам (автор және реж. К.Ашир, ауд. М. Ақдәулетұлы). Актер жасаған сахналық тұлғалары әлеуметтік мінездемесінің дәлдігі әрі сыртқы кескін-келбетінің айқын шешім табуымен, барлық жанрда әмбебаптығымен ерекшеленеді.

Т.әл-Тарази 1993-2001ж ж. аралығында М. Әуезов театрының директоры әрі Көркемдік кеңесінің төрағасы болған кезінен режиссурамен табысты айналыса бастады.  Театрда «Турандот ханшайым» (К. Гоцци,1994), «Тұзды шөл» (М. Ғапаров,1995), «Томирис» (Шахимарден, 2000), «Қазақтар»  (Қ. Ысқақ, Шахимарден 2006), «Аршын мал алан» (У. Гаджибеков, 2010), ал, Батыс Қазақстан облыстық театрында «Бонапарттың үйленуі» (Д. Исабеков, 2006) спектакльдерін үлкен табыспен қойды.

Көрнекті актер кино саласында да көптеген көркем бейне жасады. Атап айтқанда: Чекист («Отқа оранған Орал», реж. М. Бегалин,1974), Тәңірберген («Қан мен тер», реж. Ә.Мәмбетов, 1979), Әбілқайыр («Жаушы», реж. Ә. Мәмбетов,1980), Оразмерген («Ақырғы асу», реж. А. Тәжібаев,1981), Әзімхан («Қаралы сұлу», реж. Е. Шынарбаев, 1983), Әбілқайыр («Хан Әбілқайыр», 1993), Қайырхан («Отырардың күйреуі», реж. А. Әмірқұлов, 1991), Құнанбай («Жас Абай», реж. А. Әмірқұлов, 1995), Шонай («Сардар», реж. Б. Қалымбетов, 2002), Әбілқайыр хан («Көшпенділер», реж. И.Пассер, С. Бодров,Т. Теменов, 2004), Темір («Көкбөрі серті», 2006), т.б.

Т.Жаманқұлов – жан-жақты өнер иесі. «Тамаша» ойын-сауық отауының негізін қалаушылардың бірі. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында 1979 ж. өткен VІ  Бүкілодақтық эстрада артистері конкурсының дипломанты. 2006 ж. 27 қазанда Республика Сарайында эстрада артисі ретіндегі жеке концерті үлкен табыспен өтті. 

Театртану саласына да үлесін қосып жүрген Т. Жаманқұлов «Ұлттық театрды дамытудағы шешендік өнердің орны» тақырыбында диссертация қорғап, өнертану кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды (2007). Өзі және сахналас әріптестері, жалпы өнер жайында жазылған «Наз» (2001), ғылыми-публицистикалық «Сөз» атты екі томдық (2008) кітаптың авторы. Ұстаздық қызметін де табысты атқарып келеді.   Шәкірттері республика театрларында жемісті еңбек етіп жүрген Т. Жаманқұлов Қазақ Ұлттық Т. Жүргенов атындағы Өнер Академиясының  профессоры.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы лауреаты (1980), ҚазКСР еңбек сіңірген артисі (1982), ҚР халық артисі (1992), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1992), «Парасат» орденінің иегері (2008), «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері (2011), “Достық” орденінің иегері (2015).

Жамбыл облысының (2006), осы облыстың  Байзақ ауданының (2005) Құрметті азаматы.