Баян Имашева

Имашева Баян, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

1941 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібасауданы Борсықсай ауылында дүниеге келген.

1958-1960 жж. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияны оқып-бітірді. Өнер жолын Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы драма театрында бастап, бірнеше басты роль орындады.

1964 ж. актриса М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына ауысты.

Сахнадағы негізгі рольдері: 

Ұлттық драматургияда: М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысында» Құртқа, «Қарагөзінде» Текті, «Түнгі сарынында» Сәруар, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Күнікей, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Айжан, Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Нұрсұлу, М.Әуезов, Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясында» Валя Панфилова, Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ұрқия, Б.Римованың «Абай-Әйгерімінде» Айғыз, А.Сүлейменовтің «Жетінші палата» драма-диалогында медбике Баян, Ә.Таразидің «Күлмейтін комедиясында» Перизат, Е.Домбаевтың «Желіккен жеңгейлер» комедиясында Алма, Д.Исабековтің «Кішкентай ауылында» Хадиша, Иран-Ғайыптың «Шыңғыс хан» драмасында Бөрте, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала-бейнесінде» Рақия, А.Тасымбеков пен Қ.Ысқақтың «Кебенек киген аруларында» Ана т.б.

Әлемдік және бауырлас елдер драматургиясында: А.Чеховтың «Шағаласында» Полина Андреевна, А.Абдуллиннің «Ұмытпа мені, күнімінде» башқұрт қызы Ягда, В.Уахитовтың «Құдалар» комедиясында Қадиша, Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай…» драмасында Сыпайы әйел, т.б.

Сахнадағы көркем рольдері үшін театр фестивальдерінде жүлделерге ие болды.

Актриса «Өмір жолы», «Көшпелілер», «Үзілмеген үміт», т.б. көркем фильмдерге, «Қазақстан» телеарнасының «Болашақ» сериалына  түсті.  «Ел арнаның» «Тілашар» бағдарламасында Мұғалім ролінде көрінді.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1998), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі (2016).