Әубәкір Рахимов

Рахимов Әубәкір Сыдықұлы, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Парасат» орденінің иегері.

1950ж. дүниеге келген. 1966ж Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылындағы Ы. Алтынсарин орта мектебін үздік бітірді

1966-1968жж. М.Әуезов атындағы академиялық театрдың актерлік студиясын оқып бітірді. Еңбек жолын 1968ж. Жамбыл облыстық театрында актер болып  бастады.

1974ж. Мәскеудегі А. Луначарский атындағы Театр өнері институының (ГИТИС) режиссерлік факультетіне КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор И. М. Тумановтың (Туманашвили) курсына  түсіп, 1979ж. үздік бітірді. Дипломдық жұмысын М. Әуезов театрында О. Бөкейдің «Текетірес» пьесасы бойынша қойған спектаклімен қорғап, осы театрға жұмысқа шақырылды.  Сол уақыттан бері режиссер осы сахнада жанрлық шешімі мен көтерген мәселелесі сан алуан 50-ден аса спектакль қойды.

 Ұлттық классика мен заманауи драматургияда сахналаған қойылымдары:

М.Әуезов. Ә.Рахимов “Шәкәрім”,“Қилы заман” (сахналық нұсқа Н.Оразалин), Н.Әбуталиев. «Өттің, дүние», С.Торайғыров. “Қамар сұлу”, А.Сүлейменов. («Ситуациялар»): “Төрт тақта – жайнамаз” , “Жетінші палата”, «Қыздай жесір – штат қысқарту”, «Кек», Ә.Әбішев. «Кәусар», Д.Исабеков. «Әпке» мен «Кішкентай ауыл», С.Досанов. «Дауыл», Р.Сейсенбаев. «Түнгі диалог»,  Б.Соқпақбаев. «Менің атым Қожа», С.Мұқанов. «Мөлдір махаббат», С.Балғабаев. “Тойдан қайтқан қазақтар”, “Ғашықсыз ғасыр”, «Сағыныш пен Елес», Б.Майлин (сахналық нұсқа Қ.Ысқақ).  «Сабатажж!!.», Т.Нұрмағанбетов. «Бес бойдаққа бір той», Т.Чарлей. «Мен сіздің әпкеңізбін», Ә.Тарази. «Ақын. Періште. Махаббат», Ш.Құсайынов. «Алдар көсе», Ф.Буляков. «Отыз ұлың болғанша», Мольер, ауд.А.Сүлейменов.  «Ақымақ болған басым-ай!», М.Файзи. «Башмағым», И.Ғайып, Ш.Шаваев «Қашқария» (Республикалық Ұйғыр театры) т.б.

Драматургтармен жұмыс тәжірибесі мол, ұлттық драматургияны көп қоятын режиссер өзі «Қылмыскерге куәлік» атты сатиралық драма жазып, сахналады.

Режиссер Ә. Рахимов бұқаралық және театрландырылған қойылымдардың да шебері ретінде кеңінен танымал. «ҚазКСР 60 жылдығы», «ЛКСМ-ның 60 жылдығы», «Наурыз», «Наурызнама», Абайдың 150 жылдығы, Жамбылдың 150 жылдығы, Әуезовтің 100 жылдығы, Баян-Өлгейдің 60 жылдығы ( Моңғолия), Тараздың 2000 жылдығы, «Отаным – достық ордасы», Астана тұсаукесері, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, Шәкәрімнің 150 жылдығы, Б.Момышұлының 100 жылдығы т.б. көптеген мерекелік қойылымдардың, фестивальдердің, республикамызда өтетін мәдени іс-шаралардың сценарийлерін жазып, бас режиссерлік жасады. Ислам дініміздің ізгілік пен имандылыққа тәрбиелейтін асыл мұраттары жайлы "Мәуліт мерекесі», «Құран жарысы» сияқты театрландырылған концерттік бағдарламалар да жасады.

Ә.Рахимовтің театр, режиссура өнері туралы, әріптестері туралы көптеген мақалалар республикалық баспасөзде жарық көруде. Оның «Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін» атты кітабы (2010) режиссура өнері туралы қазақ тілінде жазылған тұңғыш көлемді оқулық.

Режиссер көптеген жылдар бойы Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік және режиссерлік курстар жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (1998), «Парасат» орденінің (2009), «Астана» медалінің иегері(1998), Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры(2010).