Алма Кәкішева

Кәкішева Алма Жұмашқызы, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Павлодар қаласында дүниеге келген.

1978ж. М.Әуезов атындағы театр жанындағы екі жылдық студияны, 1994ж. Т.Жүргенов атындағы Театр-көркемсурет институтының (қазіргі Өнер академиясы) кино және драма бөлімін және 2004ж. режиссура мамандығы бойынша магистратура бітірген.

1980-1984жж. Семей облыстық Абай атындағы музыкалы драма театрының,

1984-1994жж. Республикалық Қуыршақ театрының актрисасы.

1994 жылдан М.Әуезов театрында режиссер, актриса қызметін атқарады.

2003 ж. қоюшы-режиссер.

Актерлік жұмыстары:

М.Метерлинктің «Соқырларындағы» Соқыр қыз, М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», Иран-Ғайыптың «Шыңғысхан», А.Тасымбеков, Қ.Ысқақтың «Кебенек киген арулар» спектакльдерінде (барлығының режиссері Б.Атабаев), сондай-ақ режиссер Қ.Сүгірбековтің «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев, сахналық нұсқа Ә.Тарази), «Құбылыс» (Ф.Кафка, сахналық нұсқа Е.Аманшаев), «Қуыршақ үй» (Г.Ибсен) сынды эксперименттік қойылымдарында ойнады.

Ол актриса ретінде «Ымырттағы махаббатта» (Г.Гауптман, аударған Қ.Ысқақ, режиссері Р.Андриасян) Беттина, «Ат жылаған түнде» (Т.Мурод, режиссері О.Салимов) Айсұлу, «Күзгі романста» (С.Асылбеков, режиссері Н.Жұманиязов) Айсұлу, «Сұлу мен суретшіде» (Т.Ахметжан, Н.Жақыпбай) Нұрғайша, «Үйлену» комедиясында (Гоголь, ауд.О.Қыйқымов, реж. В.Захаров) Фекла Ивановна рольдерінде сәтті көрінеді.

Режиссерлік қойылымдары:

Республика театрларында: «Шығармашылық жалғыздық» – А.Камюдің және Шәкәрім, М.Мақатаев шығармалары бойынша (дипломдық спектакль). Ә.Әмзеұлы. «Қор болған Қодар-ай», фантасмагория, Жамбыл облыстық драма театры. Мольер, ауд. А.Сүлейменов. «Ақымақ болған басым-ай!», комедия,  «Ақ сарай» театры.

М.Әуезов театры: Т.Жуженоглы, ауд. О.Қыйқымов. “Көшкін” драма, С.Асылбекұлының «Империядағы кеш», америкалық драматург Д.Кобурнның «Жынойнақ» (ауд Е. Аманшаев), А.Чехов «Апалы-сіңлілі үшеу» (ауд. Ә.Бөпежанова),  Ғ.Есімов “Таңсұлу”, Д.Исабековтің "Жүз жылдық махаббат", І.Есенберлин "Алмас қылыш" (сахн. нұсқа Ә.Бағдат) тарихи драмасын сахналады (2014).

Кино саласында да бақ сынап жүр. Ол «…Ресей ана» (режиссері Р.Әлпиев), «Теміртау» телефильміндеріне қатысып, роль орындады.

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында актерлік шеберлік пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ Республикалық Өнертану және мәдени саясат институты жанындағы білім жетілдіру курстарында, облыстық театрларда шеберлік сабақтарын өткізеді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2014).