М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ

1926қазіргі уақыт
М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры-тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық ұжым. 1925ж. соңында сол кездегі астана Қызылордада ұйымдастырылды.

АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢ

1926ж. 13 қаңтарда театр шымылдығы ресми түрде М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылды. Алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына алғашқы директоры Д. Әділов, шығармашылық қалыптасуына алғашқы режиссер Ж. Шанин көп еңбек сіңірді. Театр негізін халық арасынан шыққан таланттар Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Қ. Бадыров, Қ. Қуанышбаев, Қ. Жандарбеков, Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Қ. Мұңайтпасов, З. Атабаева, Ш. Байзақова, М. Шамова, т.б. құрады. 1929 ж. театр труппасы жаңа астана Алматыға қоныс аударды. Театрға толқын-толқын болып К. Байсейітова, Қ. Байсейітов, Қ. Бейісов, Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ш. Жиенқұлова, К. Қармысов, Қ. Әділшінов, Ш. Айманов, С. Телғараев, А. Абдуллина, О. Жұмағұлов, Ж. Өгізбаев, Р. Қойшыбаева, Ә. Хасенов, А. Жолымбетов, С. Майқанова, Х. Елебекова, Р. Сәлменов, Х. Бөкеева, Ш. Жандарбекова, Б. Римова, Г. Сыздықова, т.б. келуі драмалық шығармаларды жан-жақты меңгеруге жол ашты. 1934 ж. театрдан музыкалық студия бөлініп шығып, кейін Қазақ академиялық опера-балет театры және «Қазақконцерт» ұжымдарына айналды.
Кезең
1926-1936 жылдар

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨСУ КЕЗЕҢІ

1937 ж. академиялық театр атағы берілді. Театр репертуары М. Әуезов, Б. Майлин, І. Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқановтардың тарихи тақырыптағы туындыларымен, орыс және шетел классикасымен толықты. 1940 ж. Мәскеуден кәсіби білім алған режиссер А. Тоқпанов «Абайды» (М. Әуезов) сәтті сахналады. 1946 ж. театр 20 жылдығында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1952 ж. «Абай» спектаклі үшін режиссер Ш. Айманов, суретші В. Голубович және актерлер Қ. Қуанышбаев, Қ. Бадыров, Х. Бөкеева, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Р. Қойшыбаева КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. 1954 ж. театр труппасына Алматы, Мәскеу, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген кәсіби актерлер Н. Жантөрин, Ы. Ноғайбаев, Т. Жайлыбеков, т.б. қосылды. 1958 ж. театр Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысып, бес спектакль көрсетті.
Кезең
1937-1960 жылдар

ӨРЛЕУ КЕЗЕҢІ

1961 ж. театрға көрнекті жазушы-драматург М. Әуезовтің есімі берілді. Бас режиссер А. Мадиевский табысты жұмыс істеген 60-жылдардың орта кезінен ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. 1965-1994 жж. аралығында (шамалы үзіліспен) театрға көрнекті режиссер Ә. Мәмбетов көркемдік жетекшілік жасаған отыз шақты жыл қара шаңырақтың көркемдік өрлеу кезеңі болды. Режиссерлер Б. Омаров, Р. Сейтметов, Қ. Жетпісбаев, А. Пашковтар қызмет еткен, Ж. Омаров, Е. Обаев, Ш. Зұлқаш, М. Байсеркенов, В.Мажурин, т.б спектакль қойған бұл кезеңде ұлттық актерлік мектеп өрісі де кеңейіп, М. Сүртібаев, З. Шәріпова, Ы. Ноғайбаев, Ф. Шәріпова, Ә. Молдабеков, Е. Жайсаңбаев, А. Әшімов, С. Оразбаев, Н. Мышбаева,  Т. Тасыбекова, Ә. Кенжеев, Ә. Боранбаев, Қ. Тастанбеков, У. Сұлтанғазин, Т. Жаманқұлов, Р. Машурова, Г. Әспетова, Ш. Ахметова, Б. Жанғалиева, Ғ. Байқошқарова, Ш. Меңдиярова, Т. Мейрамов, т.б. өнерлері жарқырады. Ә. Мәмбетов қойған «Ана-Жер ана» (Ш. Айтматов), «Ленин 18-ші жылы» (А. Каплер) ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын (1966,1970), «Қан мен тер» (Ә. Нұрпейісов) КСРО Мемлекеттік сыйлығын (1974) алды. 1966 ж. «Ана-Жер-ана» спектакліне (режиссер Ә. Мәмбетов, суретші А. И. Ненашев, актерлер С. Майқанова, Ф. Шәріпова, Б. Римова); 1970 ж. «Ленин 18-ші жылы» спектакліне (режисссер Ә. Мәмбетов, актерлер М. Сүртібаев пен С. Қожамқұлов) Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1973 ж. Иранның Шираз қаласында «Ана-Жер-ана» спектаклі көрсетілді. 1974 ж. «Қан мен тер» спектакліне (автор Ә. Нұрпейісов, режиссер Ә. Мәмбетов, суретші А. С. Кривошеин және актерлер А. Әшімов, Ф. Шәріпова, Ы. Ноғайбаев) КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1976 ж. «Құлыным менің» спектакліне (автор О. Бөкей, актер Қ. Тастанбеков) Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді, қоюшы-режиссер Қ. Жетпісбаев. 1976 ж. театр «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. 1981 ж. театр жаңа ғимаратқа көшті (Абай даңғылы, 103). 1984 ж. Францияның Нанси қаласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін көрсетті. 1986 ж. Желтоқсаннан кейін ел тарихындағы ақтаңдақ кезеңдер, жабық тақырыптар сахнадан көрініс берді. Мұның алғашқы қарлығаштары режиссер  Ә. Мәмбетов қойған «Біз періште емеспіз» (Қ. Мұхамеджанов), «Ғасырдан ұзақ күн» (Ш. Айтматов), «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» (С. Жүнісов) драмалары болды. 1988ж. театр Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықаралық І «Наурыз» фестивалінде «Біз періште емеспіз» спектаклімен жүлдегер атанды.
Кезең
1961-1994 жылдар

ТӘУЕЛСІЗДІК ТЫНЫСЫ

1990 - жылдары, еліміз тәуелсіздік алған соң театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге бет бұрды. Т. Жаманқұловтың «Турандот ханшайым» (К. Гоцци), «Тұзды шөл» (М. Ғапаров), Ә. Рахимовтің «Жетінші палата», «Штат қысқарту» (А. Сүлейменов), «Қилы заман» (М. Әуезов - Н. Оразалин), Б. Атабаевтың «Абай десем...», «Абылайхан» (Ә. Кекілбаев), «Мәңгілік бала бейне» (Р. Мұқанова), Қ. Сүгірбековтің «Шолпанның күнәсі» (М. Жұмабаев - Ә. Тарази), «Құбылыс» (Ф. Кафка - Е. Аманшаев), «Қабыл – Адам ата перзенті» (К. Ашир), т.б. қойылымдарынан әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағыттағы ізденістер байқалды. 1991 ж. режиссер Ә. Рахимов сахналаған «Үзілген бесік жыры» спектакліне Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. «Ғасырдан ұзақ күн» спектаклі Қазақстан мен Орта Азия театрларының Ташкентте өткен ІY халықаралық «Наурыз» фестивалінде ерекше аталып, Едіге ролін орындаушы Т.Аралбайға «үздік ер адам ролі үшін» жүлдесі берілді. 1994 ж. сахнада жасаған көркем бейнелері үшін актер С. Оразбаев ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1996 ж. режиссер Ә. Рахимов сахналаған «Ситуациялар» (үш пьесаның ортақ атауы) триптихі үшін көрнекті жазушы-драматург А. Сүлейменовке ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1996ж. Египетте өткен Халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінен «Абылайханның ақырғы күндері» (автор, режиссер М. Байсеркенов) спектаклімен жүлделі оралды. 1998 ж. «Абылай хан» спектаклі (Ә. Кекілбаев, реж. Б. Атабаев) Республикалық театр фестивалінің Бас жүлдесін алды.
Кезең
1990-2000 жылдар

ЖАҢА ҒАСЫР БЕЛЕСІНДЕ

2000 ж., жаңа ғасыр бастауында театр М. Әуезов пьесаларының жаңа трактовкаларын іздеді. Көркемдік жетекші, ұстаз, режиссер Е. Обаев қойған «Абай» мен «Айман – Шолпан» жаңа буынмен жаңаша сөйледі. Бұл кезеңде театрдың «Томирис» (Шахимарден), «Қазақтар» (Қ. Ысқақ, Шахимарден), «Мөлдір махаббат» (С. Мұқанов), «Махаббат дастаны» (Ғ. Мүсірепов), «Жаужүрек» (Д. Исабеков), «Бейбарыс сұлтан» (Р. Отарбаев), «Империядағы кеш» (С. Асылбекұлы), «Қожанәсір тірі екен...» (Т. Нұрмағанбетов), «Қас-қағым» (Ж. Ерғалиев), «Ай мен Айша» (Ш. Мұртаза, Е. Жуасбек), «Ымырттағы махаббат» (Г. Гауптман), «Аршын мал алан» (У. Гаджибеков), «Гамлет», «Ромео мен Джульетта» (Шекспир), «Апалы-сіңлілі үшеу» (А. Чехов), «Үйлену» (Гоголь), т.б. көптеген қойылымдар репертуарды байытып, жаңа есімдерді ашты. Бірнеше спектаклімен Халықаралық фестивальдерге қатысты. 1968 ж. ашылып, ұжым тарихын шетелдерде де таныстырып жүрген театр музейі бүгінде көрермендер үшін арнайы ашық залда қызмет көрсетеді. 1995 ж. бері жаңа қойылымдардың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалі жүйелі түрде жыл сайын өткізіледі (фестиваль 2019 жылдан бері «Қара шаңырақ» деп аталады). 2013 ж. бастап театр уақыт талабына сай халықаралық жобалар жасауға ден қойды. Ресейлік белгілі драматург, режиссер Н. Птушкинаның классикалық сипатта сахналаған «Отелло» (У. Шекспир), әсіресе литвалық көрнекті режиссер Й. Вайткустың «Қорқыттың көрі» (Иран-Ғайып) осы бағыттағы сәтті тәжірибелер. Театрда буын алмасу үдерісі қарқынды жүруде – актерлермен қатар режиссура, сценография, музыка мен драматургияда жаңа есімдер танылып, көрермен көзайымына айналды.
Кезең
2000-2015 жылдар

ТЕАТР ТОҚСАНҒА ТОЛҒАНДА

2016 ж. қара шаңырақ театрдың 90 жылдығы республикалық көлемде атап өтілді. Содан бері де театр репертуары көптеген көркем спектакльдермен толықты. Осы ретте «Қара қыпшақ Қобыланды» (М. Әуезов), «Қыз Жібек» (Ғ. Мүсірепов), «Біржанның соңғы әні» (А. Сүлейменов, Ә. Бөпежанова), «Ақтастағы Ахико» (М. Омарова), «Сүйікті менің ағатайым» (А. Чехов), «Ғасырдан ұзақ күн» (Ш. Айтматов), «Анна Каренина» (Л. Толстой), «Жүз жылдық махаббат» (Д. Исабеков), «Атилла мен Аэций» (Г. Томский), т.б. көптеген қойылымдары уақытпен үндес ізденістерінің көрінісі. Бүгінде театрға келген ең жас буын режиссерлер мен актерлер де өнерімен сәтті таныла бастады. 2017 ж. халықаралық байланыстар көкжиегі кеңейіп, театр Лондонда, Токиода өнер көрсетті. Францияда өтетін дәстүрлі Авиньон фестиваліне және II «Астана» Бүкіләлемдік I, II фестиваліне лайықты қатысты. Ең алғашқы республикадан тыс гастроліне 1928 ж. шыққан ұжым өз тарихында Мәскеу, Қазан, Уфа, Омбы, Ташкент, Бішкек, т.б. көптеген қалаларда мазмұнды гастрольдік сапарлар өткізсе, өз тарихында Иран, Франция, Корея, Германия, Түркияда, сондай-ақ Қазан, Уфа, Тбилиси, Душанбе, Бішкек, Ташкент, Брест халықаралық фестивальдарына қатысып, үлкен жүлделермен оралды.
Кезең
2016-2020 жылдар

«ҰЛТТЫҚ» МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ

2020 ж. 20 желтоқсанында Республика Президентінің арнайы Жарлығымен театрға «ҰЛТТЫҚ» мәртебесі берілді. 2021 ж. театрдың 95 жылдығы шығармашылық ахуалында өтті. Осы жылдан бастап театрдың жаңа қойылымдарына арнап «Премьералар шеруі» апталығын өткізу дәстүрге айналды. Ұжымның «Абайдың жұмбағы» (Б. Әбділманов, М. Омарова), «Қара» (Абай шығармалары бойынша), «Барымен базар» (Т. Нұрмағанбетов), «Біз екеуміз» (О. Жанайдаров), «Оң қол» (Т. Әбдіков), «Пері қатын» (Б. Брехт), «Қан мен тер. Ақбала» (Ә. Нұрпейісов, М.Омарова), «Қытайдан жеткен сәлемдеме» (Р.Отарбаев, М.Жақсылық), «Мақшар түнгі махаббат» (Д. Исабеков), «Менің сүйікті періштем» (Б. Шоу) спектакльдері қоғам тарапынан үлкен бағаға ие болды. Театр өткізген пьесалар «Монодрама» республикалық байқауы нәтижелі болып, театрдың Кіші залы шығармашылық креативті ізденістер алаңына айналды, репертуары монодрамалармен толықты. «Бейтаныс таныстар» (А. Ахмет), «Қайдасың, мама?» (Ж. Бауыржанқызы), «Менің Мұстафам» (Қ. Бегманов) спектакльдерінің премьералары болды. 2022 жылдың қараша айының 7-11 күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Бұл фестивальге Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдері қатысты. Фестиваль Мұхтар Әуезовтың қызметі мен мұрасын әлемге насихаттап, түркітілдес мемлекеттермен театр өнері саласында достық байланысымызды нығайтты. 2023 жылдың алғашқы спектаклі ретінде «Жан әке» (Ф. Зеллер) қойылымның премьерасы өтіп, көпшіліктің назарына ілігіп, көрермендерді қуантты. 2026 ж. шымылдығын алғаш ашқанына ғасыр толатын М. Әуезов атындағы Ұлттық драма театры өз тарихында үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналды. Шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы биік көркем өнер, жаңа тұрпатты мәдениет жасау; отансүйгіштік, ізгілік, адамгершілік, сұлулықты дәріптеу; әлемдік мәдени-рухани кеңістікке еркін еніп, ұлттық өнерімізді таныту жолында қалтқысыз қызмет ете береді.
Кезең
2020-2022 жылдар
2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен театрға «ҰЛТТЫҚ» мәртебесі берілді.