https://anatili.kazgazeta.kz/news/61345
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Бір дәуірдің биігінен бой көрсетіп, өнер дейтін өрелі жолда табанды еңбек ету деген сөз, екінің бірінің қолынан келе бермейтін келелі қасиет дегенді білдіреді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының айтулы актрисасы – Ғайникамал Мұқанқызы Байқошқарованың өмірі мен шығармашылық жолы біз тілге тиек еткелі отырған тегеурінді әңгімеміздің әу бастағы әліппесі ғана. 1943 жылы сегізінші ақпанда бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы) Семей қаласы, Мақаншы ауылында дүниеге келген Ғайникамал, әжесі – Меңкебану Өлмесекқызының тәрбиесінде өседі. Кішкенесінен өмірге бейім, өнерге өжет, өрмінез қыз боп қалыптасып, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың мақтанышына айналады. Ғайникамалдың әжесі – Меңкебану Өлмесекқызы шешен, он саусағынан өнер тамған өрелі өнер иесі болған, ол ауылдағы кыз-келіншектердің көпшілігі Меңкебану әжейдің маңайынан үйіріліп шықпаушы еді дейді көз көргендер.