АҚ КӨГЕРШІНДЕР АРҚАЛАҒАН АРМАН («АЙ МЕН АЙША» СПЕКТАКЛІ ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗ)
Адамзат жаратылғалы бері ана жайында айтылар сөз де, шырқалар ән де тоқтаған емес. Қай заманда да адамзаттың асылы ананың мәртебесі биікте. Баласыз ана болғанымен, анасыз бала болмайды. Ана жайында талай жазушы қалам тербеп, сан мың суретшінің қылқаламынан көз тартар туындылар дүниеге келді. Сондықтан, перзенті үшін жалаң қолмен от көсеп, азап тартқан аналардың өнердегі бейнесі сан тарапты, әрқилы. Әсіресе, бекзада өнердің бірі театр сахнасында талай мәрте ана, әйел туралы спектакльдер қойылып келе жатыр. Десек те, тарихы бір ғасырға жуық уақытты құрайтын қазақ театр өнерінде өресі биік, мәртебесі жоғары туынды «Ай мен Айша» спектаклінің орны бөлек.