Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен барады
2024 жылдың 02 – 06 қазан аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Ақтөбе қаласында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
1926 жылы 13 қаңтарда өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашқан, осы уақытқа дейін үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына 2026 жылы ғасыр толады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толығымен қайта өңдеуден өтетіні туралы мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады. Дегенмен, шығармашылық әлеуеті жоғары театр ұжымы көркем өнер туындысын биіктетіп, жаңа тұрпатты мәдениет жасау, отансүйгіштік пен ізгілікті, адамгершілік пен сұлулықты дәріптеу жолындағы жұмысын тоқтатпайды. 99 - театр маусымының шымылдығын түрген Әкемтеатр ұжымы биылғы жылын «Гастроль маусымы» деп жариялайды.
2024 жылдың 02 – 06 қазан аралығында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры сахнасында таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынады.