ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫРЛАР

Спектакль сағаттың шық-шық соққан дыбысымен басталды. Сах­наның түкпіргі планында қа­рия көрінеді де, артына жалтақтап қа­рап қойып жылдам басып сахнаны кесіп жүгіріп өтеді. Іле-шала кемпірдің бажылдаған дауысы ес­тіледі. Бажылдағанда да, от-ор­ма­ны өртеніп, бар дүние қараң қал­ған­­дай екілене айғай-сүрең салады. Намы­сына шоқ түсіп, әбден қор бол­ған әйел дауысы. Ол айғайдан қыңып жүрген ақсақал жоқ, қайта, ата-әжесін арқаланып, бұзықтықтың тү­рін шығаратын ерке сәбидің ойнақы міне­зімен шолжаңдайды. Еркін сә­би... Иә, актер Болат Әбділманов сахна­дағы бел мен тізе «кетіп» қалтаңдаған алғашқы қадамымен-ақ, бір адым жерді қарға адыммен үш-төрт басып, әр аттаған сайын табаны күйгендей үбектеп қозға­луымен, тұсауы жаңа кесілген сәби сияқты әрпіл-тәрпіл қозғалған пластикасымен, тұсаулы аттай кібіртіктеген жүрісімен, бірдеңені «бүлдірген» жағына қулана қарап қойып, мәз-мәйрам болып аңқаусыған кейпімен спектакль ауанына нәзік ирония бояуын сүйкеп тастап, сахна кеңістігінде еркін жүзеді.